Облыстық сотта судьялыққа үміткерлермен кездесу өтті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Батыс Қазақстан облыстық сотының кадрлар резервінің төрағасы Ғизатолла Қырықбаев және оқу бағдарламаларының үйлестірушісі Ғалия Даулетқалиева жергілікті және басқа соттардың судьяларының бос лауазымдарына орналасуға үміткерлермен кездесу өткізді.

Кездесуге біліктілік емтиханын тапсырған, судья лауазымы конкурсына қатысу үшін резервте тұрған 7 үміткер қатысты.

Үміткерлермен жүргізілген әңгімелесу барысында кадрлар резервінің төрағасы Ғизатолла Қырықбаев олардың конкурстық іріктеуден өтетінін айтты.  Шын мәнінде бұл байқау жоғары мәдениетті және білімді, ең лайықты үміткерлерді таңдайтын жарыс, сондықтан судьялыққа үміткерлер заңгерлік білімнің және өзге де кәсіптік, жеке, психологиялық, зияткерлік қасиеттердің жоғарғы деңгейіне жеткен және терең талдамалық қабілеттері болуы тиіс.

Оқу бағдарламаларының үйлестірушісі Ғалия Даулетқалиева өз сөзінде судьялыққа үміткерлер өз білімін жетілдіруге, білімнің жоғары стандарттарына ұмтылуға, жаңа заңдарды, материалдық және іс жүргізу құқығының теориялық негіздерін үйренуге, тағылымдамадан өту кезінде оқыту іс-шараларына, түрлі санаттағы істерді қарау кезінде туындайтын өзекті мәселелерді талқылауға белсенді қатысуы тиіс екенін қоса айтты.

 

Источник: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі