МҰРАҒАТШЫ ҚАЗБЕК – 60 ЖАСТА

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Батыс Қазақстан облыстық сотының кеңсе ұжымы мерейлі  60 жасқа толуына байланысты құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасының мұрағат істері бойынша бас маманы Қазбек Қарекеновты салтанатты түрде құттықтады.

Салтанатты жиында сөз алған  облыстың Соттар Әкімшісі басшысының міндетін атқарушы Н.Қажғанов  мерейтой иесіне әріптестер атынан ескерткіш сыйлық  және адресат табыс етті.

Онда: «Құрметті Қазбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ!  Көктем шуағы кең дүниеге шұғыласын төгіп, жаратылыс айрықша мейірленіп жатқан жыл мезгілінің шырайлы кезі, мерекелі де, берекелі көктемнің осы бір көрікті шағында Фурманов, қазіргі Казталовка ауданындағы Жалпақтал ауылында дүние есігін ашыпсыз. Бүгінде міне, аталар өрлеп өткен, арыстар арындап жеткен адам ғұмырының асқаралы белесі – ата жасы алпысқа абыроймен жеттіңіз!  Мерейлі жасыңыз құтты болсын!

Кеңестік дәуірде өз замандастарыңыз сияқты ауыл өмірінде еңбекте шыңдалып, қатарластарыңызбен бірге Кеңес әскерінің қатарында азаматтық борышыңызды абыроймен өтедіңіз. Кейін аудан орталығындағы «Казсельхозтехника» өндірістік бірлестігінде спрот жөніндегі әдіскер болып жүріп, біліміңізді одан әрі шыңдадыңыз. Орал ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, зоотехник мамандығын алып шыққаннан кейін Орал мал тұқымын асылдандыру станциясында мамандығыңыз бойынша еңбек еттіңіз.

Бір ауық көршілес Ақтөбе өңіріне де ат ізін салып, қалалық сауда базасында және қоғамдық ұйымдарда жұмыс жасап,  1987 жылы туған жұртыңызға оралып, Казталовка аудандық атқару комитетінде нұсқаушы, кәсіпорында экспедиция басшысы, «Агротехсервис» мекемесінде директордың орынбасары сияқты жауапты қызметер атқардыңыз. Ал 2000 жылы Казталовка аудандық сотына экспедитор болып  орналасып, сот жүйесіндегі мемлекеттік қызметке ауыстыңыз.

Аудандық сотта жетекші маман – сот приставы, құжат айналымын қамтамасыз ету және бақылау жөніндегі бас маман, БҚО Соттар Әкімшісінің құжаттамаммен қамтамасыз ету жөніндегі бас маманы, 2011 жылғы қаңтар айынан бері Батыс Қазақстан облыстық сотының бақылау және құжат айналымы бөлімінің бас маманы қызметін абыроймен атқарып келесіз.

Сіздің тұлғаңыз бен келбетіңізден сабырлылық пен жайсаңдықты, кеңдік пен келісті кемелділікті көреміз.Өзіңізге жүктелген міндеттерді әрқашан жауапкершілікпен және тындырымды атқаратын іскерлік және адамгершілік қасиеттеріңіз арқылы ұжымның лайықты құрметіне бөленіп келесіз.      

Шыққан белесіңіз тұғырлы, өмір жасыңыз ғұмырлы болағай! Сіз дүние есігін ашқан мамырдың шуақты күндері бақыт пен шаттық әкеле берсін!» делінген.

 

Источник: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі