Көлік құралдарына салынатын салықты өндіріп алу туралы 40-тан астам азаматтық іс оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қаралды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Теректі аудандық соты «Теректі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» ММ-нің жауапкерлерден көлік құралдарына салынатын салығын өндіру туралы 41 азаматтық істі қарады.

Іс құжаттарына сәйкес, жауапкерлер құралына салынатын міндетті салықты уақытында төлемеген.

Салық кодексінің 369-бабының 3-бөлігінінің талаптарына сай, салық кезеңінің 31 желтоқсанынан кешіктірілмейтін күн жеке тұлғалар үшін бюджетке салық төлеу мерзімі болып табылады.

Салық салу объектісі болып табылатын көлік құралына қатысты Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасына сәйкес тіркеу әрекеттері жүзеге асырылған жағдайда, меншік құқығын беретін тұлға осындай объектіні иеленген нақты кезең үшін төленуге жататын салық сомасы көрсетілген әрекеттер жасалғанға дейін осы Кодексте белгіленген тәртіппен бюджетке енгізілуге тиіс.

Сот аталған істерді оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау туралы ұйғарым шығарып, ол жөнінде тараптарға хабарлап, жауапкердің өзі негіздейтін құжаттар мен дәлелдемелерді қоса беріп, жауапкерге он бес жұмыс күні ішінде талап қою арызына пікір (қарсылық) ұсынуы үшін мерзім белгіледі.

Сот белгілеген мерзім өткен соң тараптарды шақырмай-ақ істі қарап, талап арыздарды қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.

Соттың шешімдері заңды күшіне енген жоқ.

Источник: 
Батыс Қазақстан облыстық соты кеңсесінің ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі.