Батыс Қазақстан облыстық сотында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі тойланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Батыс Қазақстан облыстық сотында Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамына арналған салтанатты іс – шаралар өтті. Қазақтың және басқа ұлттар мен ұлыстардың киімін киіп, қызылды – жасылды жасанған  барша сот қызметкерлері мерекелік шараны облыстық сот ғимаратының дәлізінде жасақталған Қазақстан халықтарының ұлттық салт -  дәстүрлері мен қолөнер бұйымдарының және ас мәзірлерінің көрмесін тамашалаудан бастады.

Мерекелік шаралар соттың акт залында Наурыз мерекесіне арналған салтанатты жиналысқа ұласты.Құттықтау сөз алған облыстық сот төрағасы Б.Әметов сот қызметкерлерінің рухын көтеріп, ерекше әсем көңіл күймен басталған Наурыз мерекесінен жақсы әсер алғанын жеткізді. Ұлыстың Ұлы күні елімізде халықтардың салт – дәстүрлерімен жарасым тауып, жылдан жылға түрлене, байи түскенін атап көрсетті. «Бүгін мен сала қызметкерлерінің  бойларынан айрықша серпіліс, күш – жігер мен құлшыныс, әсіресе жастардың көздерінен от көрдім. Мерекелік шаралар жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жыл басы – Наурыз мерекесі баршаңызға жақсылық, отбастарыңызға амандық, құт – береке әкелсін!»-деді, төраға.

«Жаңарудың, ынтымақтастық пен бірліктің мерекесі көпэтносты және көпконфессиялы қазақстандықтар үшін ерекше. Жыл өткен сайын Наурыз мейрамы елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрлене түсуде, деп жалғады мұнан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Судьялар Одағы облыстық филиалы төрағасының міндетін атқарушы, облыстық сот судьясы Н.Ділдәбеков,  - Ұлттық құндылықтарымыз бағаланып, егемендігіміздің еңсесін көтерген, халықтың тұтастығы мен достығына ұйытқы болған ұлық мереке -Наурыз мейрамы құтты болсын!».

Мерекелік шаралар сот қызметкерлерінің концертімен қорытындыланды. Концертте қазақ, орыс, украин, өзбек, шешен – ингуш және басқа ұлтар мен ұлыстардың әндері шырқалып, билері ырғалды. Наурыз жоғары деңгейде тойланды.

Қайнар: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі
Тегтер: