Сот актілерін орындау мәселелері талқыланды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Шыңғырлау аудандық сотында «Сот актілерін орындау» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

Шараға соттың төрағасы, судья,  аудан прокурорының аға көмекшісі М.Салимов, Шыңғырлау АІІБ-нің басшысы С.Астафьев,  тергеу және анықтау бөлімінің басшысы А.Султангалиев, тергеуші Ш.Касимова қатысты.

Шараны сот төрағасы Миржан Кадырбаев ашып, дөңгелек үстелдің мақсаты сот актілерін орындау барысындағы проблемалық мәселелерді талқылау екенін жеткізді.

Судья Асель Маженова өз сөзінде ҚР Бас Прокурорының хатын жеткізе отырып, 2016 жылы құқық қорғау органдары және арнайы бөлімдермен  4396 қылмыскерге, ағымдағы жылдың 4 айында 1297 тұлғаға, оның ішінде сот қаулысымен 2016 жылы 2286 тұлғаға, 2017 жылдың 4 айында 863 тұлғаға немесе 52 % іздеу жарияланғанын атап өтті. Сонымен қатар, жоғарыда аталған хат Батыс Қазақстан облыстық сотының ұйымдастыруымен өткізілген облыс соттарының төрағалары және судьяларымен, ІІД, ІІБ, ҚАЖД өкілдері қатысқан дөңгелек үстелде талқыға салынғанын көрсетті.

Миржан Кадырбаев мысалдар келтіре отырып, мәжбүрлеп әкелу қаулысын орындау кезінде полиция қызметкерлері тұлғаның тұрғылықты мекен-жайы бойынша табылмауына байланысты іздеу жариялауға жолдайтынын, алайда бұл тұлға басқа соттың қаулысымен тергеу изоляторында отырған  жағдайлар орын алғанын, бұл  бірнеше рет қайталанғанын, осыған байланысты іздеу жарияланған тұлғалардың саны артып, оларға негізсіз бұлтартпау шаралары қолданылып, құқықтары бұзылғанын мәлімдеді.

Хатта көрсетілген фактілер сот пен ішкі істер органдары арасында өзара іс-қимыл жоқ екенін көрсетті.

Шара соңында Миржан Кадырбаев, жоғарыда аталған фактілер Батыс Қазақстан облысында анықталмағанын, алайда басқа аумақтарда орын алғанын ескере отырып, шараға қатысушыларды Бас Прокурордың хатын бақылауға алып, судьяларға сот актілерінің орындалуын қадағадауды үнемі назарда ұстау қажеттігін ескертті.

 

Источник: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі