Сабақтастық билік дәстүрін нығайтады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Батыс Қазақстан облыстық сотында тәлімгерлер мен менторлардың қатысуымен жас судяларға арналған семинар – тренинг өтті.

Бас қосуды ашып сөз алған облыстық сот төрағасы Қамбар Нұрышев жиналғандарды шараның бағдарламасымен таныстырып, жиынды өткізудің мән – маңызына жан – жақты тоқталды.

Айта кетейік, судьялық қызметті бастағанына үш жыл толмаған әділ билік өкілдерімен мұндай алқалы жиын өткізу соңғы жылдары игі дәстүрге айналып отыр. Бүгінгі таңда облыс соттарында қызмет етіп жатқан он бір жас судьяға облыстық сот төрағасының өкімімен тәлімгерлер мен менторлар бекітіліп, жұмыс жасап жатыр. Биылғы жылы жас судьялар қатары қауырт толығуда. Таяу мерзімдерде облысқа тағы да жас кадрлар легі келіп, сегіз судьямен толықпақшы.

Алқалы топтың алдына алғашқы болып шығып сөз бастаған Орал қалалық №2 сотының судьясы Г. Дәулетқалиева Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты төрағасының өкімімен бекітілген тәлімгерліктің негізгі қағидаларымен таныстырса, доғарыстағы судья Қарлығаш Батаева судьялар менторлығы туралы әңгіме қозғады.

Облыстық сотта судья, азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы болып жасаған білікті судья тәлімгерлік пен менторлықтың ерекшеліктерін ашып көрсетті.

Тәлімгерлік – алғаш рет тағайындалған судьялардың кәсіби деңгейін арттыруға, балғын билік өкілдерінің білікті заңгер болып қалыптастырылуына бағытталған жұмыс әдісі болып, мұндай жауапкершілік облыстық сот төрағасының өкімімен кем дегенде бес жыл қызмет өтілі бар тәжірибелі, білікті, жұмыс көрсеткіштері жақсы судьяларға бекітілсе, менторлық жас судьялардың кәсіби қалыптасуына доғарыста жүрген аға буын өкілдерінің қоғамдық қамқорлығы десе де болады. Менторлар жас судьялардың сот төрелігін атқаруына араласпайды, олармен тең дәрежеде қарым – қатынас орнатып, өзінің кәсіби міндетін атқарудағы өмір тәжірибесін, сот процестерін қалай ұйымдастырып, қоғамдық ортада судьяның өзін қалай ұстауы керектігін үйретеді.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Судьялар Одағы облыстық бөлімшесінің жанындағы Судьялар әдебі жөніндегі комиссияның төрағасы, облыстық соттың судьясы Х. Аманқұлов судьялар әдебі жөніндегі Кодекстің негізгі қағидаларына тоқтала келіп, жиналғандарды судьялар әдебі жөніндегі комиссияның жұмысынан хабардар етті.

Құрамында 7 мүшесі бар аталмыш комиссия сот билігінің тізгінін ұстаған әділ билік өкілдерінің қоғамдық тәртібіне қатысты мәселелерді қырағы бақылауында ұстап отыр. Мәртебелі құрам судьялардың үстінен түскен арыздар мен ұсынымдарды алқалы түрде қарап, шешім алады. Өткен жылы комиссияға 11 шағым түсіп қаралса, биыл жыл басынан бері 3 шағым өз шешімін тапқан.

Семинар - тренинг бағдарламасы бойынша сөз алғандардың қай – қайысы да судьялардың айрықша мәртебесіне сай  жұмыста да, тұрмыста да өздерін әдеп қағидалары шеңберінде ұстаулары қажеттілігіне баса назар аударды. Қызметте судья процеске қатысушы тараптармен іс жүргізуден тыс кездесуден аулақ болулары тиіс. Өйткені, көптеген жағымсыз фактілер нақ осы жосықсыз жолығысулардан туындап жатады екен.

Судья - жұртшылық назарындағы қоғамдық тұлға. Тым қымбат көлік мініп, бағалы бұйымдар тағынып, өзін жұрттан ерекшелемеуді жадыларында ұстағаны дұрыс және судьялық мәртебеге ие болғандар түнгі клубтар мен мейрамханалардан шет жүрулері тиіс дейді сот жүйесінің аға буын өкілдері.

Доғарыстағы судья, ментор Қуаныш Әбуов өз сөзінде 36 жыл судьялық қызмет атқарған кезінде өзінің бір де бір рет тәртіптік жазаға тартылмағандығын айтады. Кәсіби қызметінен тыс уақытта жанына спортты серік етіп, самбодан екі рет әлем чемпионы тұғырына көтерілген мәртебелі тұлға салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына назар аударды.

Азаматтық әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытбек Бегалиев пен облыстық сот судьясы Валентина Булавцева жас судьяларға кеңес ретінде өз білімін өзі жетілдірудің маңыздылығына мән берді.

Бас қосуда сот жүйесіне жаңадан келіп қызмет жасай бастаған жас судья Әсел Жұмағұлова сонау Қарағандыдай алып шаһардан елдің батыс өңіріне келіп, сонау ел шетіндегі Ресеймен шекаралас Казталовка ауданына барып орналасқандағы бастапқы әсерлерін тілге тиек етсе, сот жүйесінде екі жылдай судьялық қызмет атқарып тастаған Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Райбек Қайырбеков аға буын өкілдерінің қамқорлықтарына алғысын айтып, жас судьялардың әділеттің ақ туын асқақ ұстайтындықтарын атап көрсетті. Жас судьялар өздері таңдаған кәсіптін ыстық – суығына төтеп беріп, өздеріне артылған Елбасы сеніміне лайықты қызмет ететіндіктерін білдірді.

Тернинг соңында жас судьялар өздерінің тәлімгерлерімен және менторларымен, барша әріптестерімен кездесіп, пікір алмасты.

 

                                                                      Аманкелді ШАХИН,

                                                                       облыстық соттың баспасөз хатшысы