Қаржы полициясының қызметкері қамауға алынды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Орал қалалық соты үкімет өкіліне қатысты күш көрсетті деп айыпталған 23 жастағы қаржы полициясының қызметкерін қамауға алуға санкция берді.

Алдын ала тергеу органдары оны ішімдік ішкен күйінде «Хюндай Туксон» автокөлігіне отырып, көлікті басқара алмауы салдарынан алдымен телефон бағанына, сосын үйдің қасында тұрған көлікке барып соқтығысқан деп айыптап отыр.

Жол көлік оқиғасы орнына келіп жеткен жол полициясының қызметкерлері оны медициналық тексеруден өткізу үшін уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізген. Ол сол жерде жол тәртіпке бағынбай, қарсылық көрсетіп, бөлім командирінің бетінен бірнеше рет ұрып, кеңсірігін сындырған.

Бұл факт бойынша, өз қызметтiк мiндеттерiн орындауы үстінде үкiмет өкiлiнің өмiрі мен денсаулығына қауіпті күш қолданғаны үшін айыпталушының үстінен Қылмыстық Кодекстің 321 бабының 2 бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу органдары ұсталған азаматты қамауға алуға санкция беру туралы өтінішпен Орал қалалық сотына жүгінген.

Сот қаулысымен қаржы полициясының қызметкері екі ай қамауға алынды.