ЕРЕКШЕ ІС ЖҮРГІЗУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ КӨП

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау
 

Облыстық соттың оқу орталығының ұйымдастыруымен Батыс Қазақстан облыстық сотында «Мемлекеттік органдардың әрекеттеріне шағым келтірген дауларды шешудің келелі мәселелері» тақырыбында семинар өтті. Семинарға облыстық, Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық және  Орал қалалық №2 сотының судьялары, сондай – ақ сотта осындай мазмұндағы даулары жиі қаралатын салық, кеден органдары  мен сот қаулыларын орындау департаментінің және басқа мүдделі мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Семинарға төрағалық еткен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Хабиболла Аманқұлов көтеріліп отырған мәселенің маңыздылығына назар аударды.

Қазақстан Республикасының Конституциясында адам мен азаматтың құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне басымдылық берілген. Сондықтан осынау құндылықтарды қорғаудың мәселелеріне жаңаша тұрғыда қарау қажетсініліп отыр. Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен арақатынасының сан салалығы мен күрделігі тіпті кейде құқықтық дауларға дейін соқтырады. Қоғамның демократиялық бастаударының негізгі ұстанымдарына жүгінер болсақ бір тараптың өз билігін пайдаланып, шешім қабылауы  екінші жақтың құқығы мен бостандығын бұзған жағдайда оған шағым келтіріп, ол шешімді бұзуды талап ету құқығымен сай келуі тиіс.

Қазақстан Республикасында бір жағынан  азаматтар мен ұйымдардың және екінші жағынан мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың арасындағы даулар Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 27 тарауындағы мемлекеттік өкімет, жергілікті өзін - өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне (немесе әрекетсіздіктеріне) дау айту туралы іс бойынша іс жүргізуді көзейтін 278 – 282 баптармен реттеледі.

Мемлекеттік басқару аясындағы сот бақылауының мүмкіндіктері азаматтардың, ұйымдардың және мемлекеттік органдардың арасындағы қайшылықтар мен даулардың болмай қоймайтындығын көрсетіп отыр.

Мемлекеттік басқару аясындағы құқықтық қатынастардың бір ерекшелігі – олар о бастан – ақ тараптардың теңсіздігіне негізделген. Бір тарап екінші жаққа қарағанда басым билік өкілеттіліктеріне ие болып, амалсыз билік тегеурініне бағынуына тура келеді. Билік органдары қабылдағын шешімдер мен әрекеттер адам факторы қатысатын кез келген басқа да процестер сияқты әрдайым дұрыс болып шыға бермейді. Түрліше ағаттықтары, қателіктері, ақаулары болуы мүмкін. Оның себептері де әрқилы: шешім қабылдайтын тұлғаның лайықты құзіреттілігінің болмауы, өкілеттілігін асыра пайдалануы, бұрмалаушылық, сыбайлас жемқорлық және басқалары.

Соңғы жылдары ғылыми орталарда, мемлекеттік органдарда, халықаралық ұйымдарда сот органдары жүйесінің әкімшілік әділет институтын дамытудың қажеттілігі жөніндегі мәселе бірнеше сан мәрте көтеріліп, талқыға салынды. Бүгінгі таңда әкімшілік әділет мәселелерімен неғұрлым байланысты азаматтық іс жүргізу Кодексінің 27 тарауы қазіргі заман талабына сай бола алмай отыр. Тіпті көптеген оқымыстылар мен істе сыналған тұлғалар көпшілік – құқықтық қатынастардан туындайтын даулардың азаматтық іс жүргізу заңнамаларымен реттелуіне мүлдем қарсы. Ол түрліше себептермен түсіндіріледі. Соның ішінде маңыздыларының бірі – тараптардың теңсіздігі мәселесі.

Өз құқығын қорғаушы азаматқа зор материальдық, қаржылай, ақпараттық әлеуеттері бар мемлекеттік орган қарсы тұрады. Сөйтіп, тараптар әу бастан даулы құқықтық қатынастарда тең болмайды да, оларға талап өндірісінің жалпы қағидалары, тарпатардың жарыспалылығына қатысты ережелер дұрыс қолданылмайды. Мысалы, шағымданылған әрекеттер мен актілердің заңдылығын нақ сол мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың өздері дербес дәлелдеуге тиісті. Демек, дәлелдеу жауапкершілігі мемлекеттің өз органдарының құзіретіне жатқызылады.

Мемлекеттік органдардың әрекеттеріне шағымдану институты осындай құқықтар мен мүдделерді қорғаудың маңызды құралы болып табылады.

Өткен жылы соттарда осы санаттағы 240 іс қаралып, оның 185 – і апелляциялық сатыда күшінде қалдырылған.

Семинарда баяндама жасаған Орал қалалық №2 сотының судьясы Айша Ерғалиева сотта қаралған жекелеген істерді мысалға келтіре отырып, Тәртіптік кеңестің әрекеттеріне шағымдарды қараудың реттеріне назар аударды. Тәртіптік кеңес кеңесші орган болғандықтан олардың шешімдері заңды шешім алудың негізіне жатпайды. Судья бұл мәселеде бірыңғай сот тәжірибесі қалыптаспағандығын айтады.

«Ерекше іс жүргізу тәртібімен істерді қараудағы іс жүргізудің ерекшеліктері» тақырыбында баяндаған Орал қалалық №2 сотының судьясы Айман Қосанова мұндай тәртіпте қаралатын істер азаматтық іс жүргізу Кодексінің 27 тарауымен және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2010 жылғы 24 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 27 тарауын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысымен реттелетіндігін атап көрсете келіп, мәселенің ерекшеліктіріне жан – жақты тоқталды.

Ерекше іс жүргізу Азаматық іс жүргізу Кодексінің 278 бабының бірінші бөлігінде көрсетілген судбъектілер тарапынан азаматтар мен заңды тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтарына, бостандықтарына нұқсан келтірілген жағдайда олардың шешімдеріне, әрекеттеріне шағым келтіру жолымен шешіледі. Мұндай істер сырттай өндіріс тәртібімен қарауға жатпайды және бітімгершілік жолымен аяқталмайды. Мүліктік, немесе міндеттемелік құқықтық қатынастардан туындайтын құқық туралы дау туындай қалған жағдайда сот істі талап өндірісі тәртібімен қарау туралы ұйғарым шығарады.

Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 278 бабына сәйкесті азамат және заңды тұлға мемлекеттік органның, лауазымды тұлғаның, мемлекеттік қызметшінің шешіміне, немесе әрекетіне тікелей сот арқылы дау келтіре алады. Талдау көрсетіп отырғанындай дау туындаған жағдайда заңды тұлғалар тікелей сотқа шағынса, азаматтардың аз ғана бөлігі әуелі түрлі тараптарға жүгініп барып, сосын сотқа шағынады екен. Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 281 бабына сәйкесті арыз сотта әрекетіне шағым келтірілген мемлекеттік, лауазымды тұлғаның өкілінің және шағымданушының қатысуымен қаралады. Тисінше хабарланғаннан кейін аталған тұлғалардың сотқа қатыспауы шағымның қаралуына бөгет болып табылмайды. Талдау көрсетіп отырғанындай шешімдері мен әрекеттеріне дау келтірілген органдардың өкілдері әр іс бойынша да сот мәжілістеріне қатысып отырған.

Шешімдері мен әрекеттеріне дау келтірілген мемлекеттік органдарға қатысты шағымды қанағаттандыру туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін 3 күн ішінде орын алған заң бұзушылықты жою үшін мемлекеттік органның басшысына жолданады.

Семинарда салық органдарының, сот қаулыларын орындау департаментінің өкілдері де сөз алып, талқыланып отырған мәселеге қатысты өз тәжірибелерін ортаға салып, ой – пікірлерін білдірді. Судьялар тарапынан олардың тисінше құжат хаттап сотқа жолдауларында кездесетін ағаттықтарына қатысты айтылған сын – ескертпелерге құлақ түріп, тиісті бағдарлар алды.

 

Аманкелді ШАХИН,

облыстық соттың баспасөз хатшысы