Соттар алғашқы тоқсанның жұмысын қорытындылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Заң газеті 16 сәуір 2016ж.

Батыс Қазақстан облыстық сотында биылғы жылдың алғашқы тоқсанда атқарылған жұмыстар қорытындыланды.

Жиынын ашқан сот төрағасы Бек Әметов алдымен кеткен олқылықтарға тоқталды. Мәселен әкімшілік істерді қараудың сапасы төмендеп кеткен. Бұзылған және өзгертілген қаулылардың  үлес саны артып отыр. Заң өзгерістеріне байланысты кейбір қылмыстық істердің әкімшілік істер санаттарына жатқызылуына байланысты қылмыстық істер статистикасы өзгергеніне қарамастан, бұл бағыттағы жұмыс сапасының деңгейі де төмен. Мәліметтерге жүгінсек судьялар іс қарағанда ауыр қылмыстардан гөрі жеңіл қылмыстарды дәрежелеуде көбірек кемшіліктер жіберіп отыр. Азаматтық істер саны азая түскеніне қарамастан сапалық ілгерілеушіліктер байқалмайды.

Соттардың қызметінде баға берудің міндетті шарттарының қатарына жататын бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жалпы алғанда алғанда көңіл толтырғанымен назар аударатын мәселелер де жоқ емес. Бірінші тоқсандағы жарық көрген  мыңға тарта жарияланымнан облыс соттарындағы барлық азаматтық істердің 65 пайыздан астамын қарап отырған Орал қалалық №2 сотының үлесіне орта есеппен 20 жарияланым ғана тиесілі болып отыр.  Бұл соттардың бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс көрсеткіштерінің біркелкі еместігін көрсетеді – дей келіп облыстық сот төрағасы соттардың жұмыс көрсеткіштерін қалыпты арнаға бұру үшін орын алған олқылықтарды жойып, сот жұмысын ырғақты ұйымдастыру бағытында қазірден бастап пәрменді шаралар алудың қажеттігін атап көрсетті. 

Мұнан кейін сөз алған облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Б.Бегалиев есепті кезеңде облыстық сот төрағасы атап көрсеткеніндей түскен арыздар мен аяқталған азаматтық істердің саны  азая түскендігіне тоқталды. 2016 жылғы бірінші тоқсанда облыс соттарына 615 арыз бен 87 іс түсіп, абсолюттік сандарға шаққанда өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 331 арызға азайған. Өткен жылғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда қаралып біткен істер саны кеміген. Шешім шығарыла отырып аяқталған істер саны 951 іске, немесе 29,2 пайызға азайған. Баяндамашы азаматтық істерді қараудың сапасын жақсарту үшін істерді жеңілдетілген тәртіпте қарауға баса назар аударудың қажеттілігін атап көрсетті.

Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы М.Нағашыбаев өз баяндамасында есепті мерзімде Батыс Қазақстан облыстық соттарының өндірісіне 621 тұлғаға қатысты 483 қылмыстық іс түсіп, облыс соттарының өндірісіне түскен істердің өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 172 тұлғаға қатысты 83 қылмыстық іске көбейгенін атап көрсетті. Облыс соттары 526 тұлғаға қатысты 491қылмыстық іс қараған. Соттарда өткен жылмен салыстырғанда медиацяны қолдану азайып кеткен. Өткен жылы осы мерзімде 116 қылмыстық іс барысында медиация қолданылса, есептік кезеңде 65 іс медиацияны қолданумен аяқталған. Мұның себебі судьялардың процеске медиаторларды шақыруда болып отыр.

Жиында  сөйлеген соттар әкімшісінің міндетін атқарушы Р.Айтмағамбетов «Сот кабинеті» сервистік жүйесінің мүмкіндіктерін пайдалануға, дыбысбейнежазба және қызметтік көлікті пайдалану мәселелеріне жан – жақты тоқталды.  

                                                      Аманкелді ШАХИН,

                                                БАТЫС ҚАЗАҚСТАН облысы