Егемендік еңсерген еңселі іс

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Егемен Қазақстан 13 мамыр 2016 жыл

1990 жылғы 25 қа­занда  қабылданған Тәуелсіздік Декларациясы Қазақ­стан елі өзінің ұлттық мемлекетін құрып, оны нығайтып, сақтап, қорғай алатындығын  жария етті. Қазақстан өз еркімен дербес тәуелсіз ел болып танылып, өзге шет мемлекеттермен қарым-қа­тынас жасай алатындығын ай­қындап алды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойып, егеменді еліміз тарихының жаңа парағын ашты.  

«Қазақ КСР мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияда және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңда ұлттың әрі қарай ұйысуының негіздерін айқындаған екі қағидат жария етілді: біріншіден – Қазақстан мемлекетін құрудың алғышарты болып табылатын қазақ халқының өз тағдырын өзі таңдау құқығы; екіншісі – елдің барлық азаматтары үшін жасалатын тең мүмкіндік.

Халықтың даналығы, кеңдігі мен сыйластығы этникалық тегіне, әлеуметтік, діни және де шығу тегіне қарамай жаңа мемлекеттің барша азаматының ұйысуына негіз болды.

Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуы демократиялық даму жолын таңдаған мемлекет үшін аса маңызды. Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы кезеңдерден бастап – ақ Қазақ елі ең әуелі конституциялық құрылысы мен құқықтық жүйесін бекемдеуге кірісті.

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдары алғашқы қабылданған  Ата Заңымызды қайта жаңарттық. Оған 1993 жылы алғашқы Конституцияның кеңестік құрылыс желісінде қабылданып, өтпелілік сипатқа ие болуы, нарық экономикасына үйлесімсіз жақтарының болғандығы және бұрынғы ке­ңес­тік қағидалардың шеңберінен шыға алмай, әкімшілдік ере­же­лерді арқау етіп, мемлекеттің де­мократиялық институттарының дамуына тұсау бола бастағандығы себеп болды. Бұл мән-жайлар одан арғы саяси және экономикалық жаңғырудың объективтік қажеттілігін, Қазақ­станның қоғамдық саяси дамудың жаңа кезеңіне енуіне консти­ту­циялық бетбұрыс жүргізу керек­тігін көрсетті. Сөйтіп, 1995 жылы 30  тамызда жалпы халықтың талқылауынан өткен  қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды.

Бұл Конституцияда: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеу­меттік мемлекет ретінде орнық­тырады, оның ең қымбат қазы­насы - адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» - деген қағида бекітілді. Еліміздегі биліктің үш тармағы: атқарушы, заң шығарушы, сот билігінің рөлі айқындалды.

Заманына жарасымды, әлеуеті асқан Ата Заңымыз аясында жаңғыртылып, құқықтық реформалардың қазығына айналған заңдарымыз аясында қызмет етіп, қоғамның сеніміне бөленген сот жүйесі бүгінде даму көшінің жолбасшысына айналып отыр. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезінде: «ХХІ ғасырда мемлекет дамуының басты өлшемі – ұлттық сот төрелігі жүйесі болып табылады. Тәуелсіз және әділ сот құқықтық мемлекеттің тұғыры. Онысыз әлемнің бір де бір елі, соның ішінде ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалды, азаматтардың өмір сүруінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан сот реформасы жөніндегі жұмысты еселеу керек. Мен судьялардың VІ съезінің басты міндеті осы деп білемін» деген бағасы жарқын мысал.

Ұлт Көшбасшысының сарабдал саясатының нәтижесінде еліміздің сот жүйесі ұдайы дамып, халықаралық стандарттарға жанаса түсті. Қазақстандағы сот-құқықтық реформасының қарқыны ТМД аумағындағы өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда алда екенін халықаралық сарапшылар да, әлемдік қауымдастық мойындап отыр.

Тәуелсіздік жылдары ішінде қазақстандық сот жүйесі шын мәнінде мемлекеттік биліктің белді бір тармағына айналды. Елімізде заман талабынан туындап отырған демократиялық реформалар кезең-кезеңімен, рет-ретімен жүзеге асырылып келеді. Сот-құқық реформасы тәуелсіздік алған сәттен бастап адам құқықтарын қорғау мен заңның үстемдігін қамтамасыз ету айқын басымдылығының негізіне айналды. Казақстан Республикасы судьяларының өткен VІ съезінде Елбасы Н.Назарбаев сот жүйесін дамытудың маңызды бес басымдылығын, соттар қызметінің заңдылық және іс жүргізу нормаларын, сот құрылымын жетілдіруді, әлеуметтік саладағы даулар мен қақтығыстарды шешудің баламалы әдістерін енгізуді, сот төрелігінің қол жетімділігін қамтамасыз етуді және кәсіби сот корпусын қалыптастыруды мақсат етіп қойды.

Сот жүйесінің алдына қойылған басымдылықтар мемлекет басшысының мұнан былайғы бағдарламалық тапсырмаларында жалпымемлекеттік мақсаттармен ұштастырылып отыр.

Елбасымыз «Нұр Отан» партиясының 2015 жылы наурыз айында өткен он алтыншы съезінде Қазақстан мемлекеттілігін нығайту үшін бес институционалдық реформаны ұсынды. Оның бірі – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Осы реформаларды жүзеге асыруға арналған 100 нақты қадамнан тұратын Ұлт Жоспары әзірленді.

Елбасының бастамасымен қабылданған «Нұрлы жол» стратегиялық бағдарламасы  Қазақстанның  таяу болашақта әлемнің дамыған 30 елінің сапына қосылуын мұрат тұтқан. «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарында жаңарған сот жүйесін қалыптастыру мен дамытудың нақты жолдары белгіленді.  

Мемлекет басшысы жариялаған Ұлт Жоспарының «Заң үстемдігін қамтамасыз етуді» көздеген екінші бағыты бойынша   Жоғарғы Сот төрағасы Қ.Ә. Мәмидің  жолбасшылығымен сот жүйесін реформалауға тікелей қатысты 11 мақсатты қадамды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар бойынша қазірдің өзінде ауқымды істер тындырылып, сот реформасы тереңдетілу үстінде.

Сот жүйесінде Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында  жүзеге асырылған ең маңызды өзгерістер қатарында – жаңа Азаматтық іс жүргізу Кодексінің, «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы»  заңның қабылдануы мен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық іс жүргізу және Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуін атар едік.

Жаңа заң бойынша судьялардың тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеушілігінің кепілі ретіндегі конституциялық өкілеттіліктерін қамтамасыз ету  мақсатында құрылған Жоғарғы Сот Кеңесі құрамының кем дегенде тең жартысын судьялар қауымдастығы өкілерінің құрауы мемлекеттік биліктің сот тармағына қоғам тарапынан көрстетіліп отырған зор сенімнің айғағы.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер судьялардың материальдық жағдайы мен мемлекет тарапынан жасалатын әлеуметтік кепілдіктерін жақсарта отырып, олардың жұмыс сапасына талапты да күшейтті. Судьялыққа кандидаттардың негізгі жұмыс орындарынан қол үзе отырып тұрақты негізде соттағы бір жылдық ақылы жұмыс тағылымдасынан өтуі, облыстық және Жоғарғы Сот судьясы лауазымдарына кандидаттарға одан жоғары тұрған соттар судьяларының жеке кепілдеме беру институтының енгізілуі солардың қатарына жатады. 

Қолданысқа енгізілген жаңа заңнамаларда Мемлекет басшысының бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында қойылған бірқатар міндеттер жүзеге асырылды. Атап айтқанда, процессуальдық Кодекске бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көшу, азаматтық-құқықтық даулар бойынша сотқа прокурордың қатысуын қысқарту, барлық сот процестеріне дыбысбейнежазбаны тіркеуді енгізу, инвестициялық дауларды жаңа тәртіпте қарау туралы нормалар енгізілді. 

Адам құқығын қалпына келтіретін және сот төрелігін дамытуға ықпал ететін медиация институты одан әрі жетілдіріліп, тараптарды татуластыруға мүмкіндік арттырылды. Мәселен, жекелеген санаттағы істер бойынша дауды сотқа дейінгі реттеудің міндеттілігі көзделіп отыр. Бұл тараптарға дауды қысқа мерзімде, материалдық және моральдық шығындардың көлемін барынша аз пайдаланып реттеуге мүмкіндік береді.

Тараптардың және олардың адвокаттарының қатысуымен дауды реттейтін жаңа партисипативтік рәсімдер енгізілді. Партисипативтік келісім жағдайында дауды сотта алдын ала қарау барысында адвокаттар екі жақты бітістіруді өз құзіретіне алып, тараптарды он күн ішінде келісімге келтіреді. Ал сот процесі кейде айларға, тіпті жылдарға да ұласуы мүмкін. Жалпы жаңа Азаматтық процестік кодексте адвокаттардың бітімгершілік құзіреті күшейтілген. Адвокаттар кез – келген мемлекеттік органдардан, мемлекеттік құпиядан басқа ақпараттарды сұратып ала алады. Кәсіби тегін заң көмегін көрсетуге құқығы бар.

Заңда экономикалық дамуды жақсарта түсудің мүмкіндігі ретінде еліміздің инвистициялық тартымдылығын сот арқылы жақсартуға бағытталған жаңа ендірімдер бар. Атап айтқанда, Ұлт Жоспарының инвестициялық даулар бойынша жеке сот ісін жүргізу туралы 23-қадамын іске асыру мақсатында Астана қалалық сотында бірінші сатыдағы сот тәртібіне инвестициялық дауларды қарайтын сот, сондай-ақ Жоғарғы Сотта ірі инвесторлардың қатысуымен болатын дауларды қарайтын мамандандырылған алқа іске кірісті.

Заңға азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғаудың мүмкіндіктері жетілдіріліп, әлемдік озық стандарттарға жеткізетін елеулі өзгерістер енгізілді. Істерді сотта қарау процестері жеңілдетіліп, тиімді және қарапайым азаматтарға ұғынықты етілді.

Сот сатылары оңтайландырылды. Үш буынды сот жүйесіне көшуге байланысты аудандық және оған теңестірілген соттар бірінші, облыстық соттар апелляциялық, Жоғарғы Сот кассациялық сатыдағы істерді қарауға көшті. Аудандық және оған теңестірілетін соттар шығарған шешімдерге апелляциялық шағымды, наразылықты облыстық және оған теңестірілген соттың апелляциялық сот алқасы кемінде үш алқа судьясының алқалы құрамында қарайды. Аудандық және оларға теңестірілген соттардың оңайлатылған (жазбаша) шығарған шешімдеріне апелляциялық шағымды, наразылықты, жеке шағымды, ұйғарымға наразылықты судья жеке- дара қарайды.

Жуырда Жоғарғы Сот жанынан Ұлт жоспарында айқындалған міндеттердің бірі -  халықаралық кеңес құрылып, жұмысын бастады.  Кеңес қазақстандық сот төрелігіне халықаралық озық стандарттар мен сот тәжірибесін енгізуге жәрдемдеспек.Бұл ұйымның мүшелігіне отандық ғалымдармен қатар шетелдік және халықаралық заңгерлерден құрылған он адам кіріп отыр.  

Инновациялық технологиялардың дамуы және олардың сот процестерінде қолданылуы сотта іс жүргізуге тың жаңалықтар әкелді. Азаматтар «Сот кабинеті» сервисі арқылы сотқа жүгініп, үйінен, немесе кеңседен шықпай-ақ Интернет желісі арқылы оның сотта қаралу барысын бақылап және қажетті сот актісін басып шығара алады. Аталған сервис  азаматтарға, өкілдерге, адвокаттарға талап арыздарды және басқа да жүгінулерді сотқа интернет арқылы жолдауға да мүмкіндік береді. Сот процестерін қосымша уақыт пен қаражат шығындамай – ақ қашықтықтан бейнеконференцбайланыс арқылы өткізуге болдады.

Заңға медиация, бітімгершілік және татуластыру, дауларды партиспативтік реттеу рәсімдерінің, оңайлатылған іс жүргізудің енгізілуі дауларды жедел және оңтайлы шешуге мүмкіндік берді.

Былтырғы жылы күшіне енген Қылмыстық процестік Кодекс сотқа дейінгі тергеу өндірісінің құрылысын айтарлықтай өзгертіп отыр.

«Миранда ережесіне» сәйкес құқық қорғаушылар енді ұсталған азаматтарға өз құқығы мен міндеттерін түсіндіруге тиіс. Сотқа дейінгі тергеу ұғымы мен тергеу судьясы институттары азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың кепілдіктерін күшейтті.

Ұлт жоспарының 100 нақты қадамында адамның және азаматтардың конституциялық құқығын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттіктердің біртіндеп тергеу судьясына берілуі арқылы сотта айыптау мен қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету қажет екендігі көрсетілген еді.  Азаматтарды ұстаудың уақыты, тәртібі, тіпті аз уақытқа ұстаудың шарты да өзгерді. Тергеу судьясы сотқа дейінгі іс жүргізу барысында күдіктіні күзетпен ұстау, үйқамақ, лауазымнан уақытша шеттету, жақындауға тыйым салу, экстрадициялық қамақты санкциялау сияқты көптеген құзіреттіліктерге ие болды.

Қазіргі заманды озық технологияларсыз көзге елестетуге болмайды. Бұл тұрғыдан алғанда да сот жүйесі жолбасшылық тізгінін бекем ұстап келеді. Жоғарғы Соттың сайты Қазақстандағы мемлекеттік органдар сайттарының үздігі болып танылып отыр. Жалпы сот жүйесінде енгізіліп отырған барлық жаңа сервистік қызметтер халықтың сот құжаттарына қол жетілімділігін арттырып, олардың сотқа деген сенімділігін одан әрі нығайта түсері хақ. 

Қазақстанның сот жүйесінің жетістіктерін халықаралық қауымдастық өкілдері қазірдің өзінде жоғары бағалай бастады. Оған нақты бір мысал - 2015 жылғы 25 желтоқсанда Батыс Қазақстан облыстық сотының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық  заңының қабылданғанына 15 жыл толуына орай Орал қаласында өткізілген «Қазақстандағы тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасуы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференцияда Қазақстанның сот жүйесінің жетістіктеріне сан ғасырлық тарихы мен тәжірибесі бар Ресейлік заңгерлерінің айрықша назар аударғандығы. Іргелі елдің сот өкілдері, ғалым заңгерлері, Қазақстанның тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасуы мен жетістіктері осы Конституциялық заңға тікелей байланысты екендігін айтады. Ресейлік әріптестеріміз бен ғалымдарды Тәуелсіз Қазақстанның сот жүйесіндегі алға басушылықтар, атап айтқанда соттарды мамандандыру, жасөспірімдер, экономикалық және әкімшілік соттардың жұмысы, тергеу судьясының қызметі, сот процесстеріне жаңа технологияны кеңінен қолдану мәселелері айрықша қызықтырды. Тіпті халықаралық өлшемдермен алғанда Қазақстандың сот жүйесінің Ресейден ілгерілеп кеткендігін айтып отыр.                          

Қазіргі уақытта елімізде дербес және тәуелсіз сот билігі толық қалыптасты дей аламыз.  Судьялардың қоғамдағы қажеттілікке сай келетін тиімді сот төрелігін жүргізуі, жауапкершілігі және кәсіби деңгейі мен қызметтегі этика нормаларынының жетілдірілуі уақыт талабына сай келеді.   

Сот саласындағы өзгерістер азаматтардың  құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қоғамдағы заңдылықтарды сақтауға негізделген. ЖаҺандану жағдайында Қазақстан соттары халықаралық құқықтық кеңістікке жол тартты. Бұл өз  кезегінде өзіміздің ішкі қажеттіліктерімізді мұқият түрде есепке ала отырып, әлемдік талаптармен үйлестіруді қажет етеді. Мұндай кешенді жұмыстар мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылу үстінде.

Судьялар Одағының қызметін еліміздің сот жүйесінде болып жатқан түбегейлі өзгерістерден бөле – жара қарастыруға болмайды. Басты идеялар мен заңнамалық өзгерістер нақ осы судьялардың қоғамдық бірлестіктерінде өмірге келіп, талқыдан өтіп, нақты құжатқа айналып, қолданысқа енгізіліп жатыр.

Қазақстан Судьялар Одағының биылғы жылы өтетін кезектен тыс  съезі Қазақстан тарихындағы судьялар қауымдастығының жетінші рет өткізгелі тұрған басты жиыны. Қоғам болып ақылдаса шешетін мәселелер әлі де қомақты. Солардың қатарында халықтың сотқа, судьяларға сенімін бұрынғыдан да арттыру мақсатында Судья әдебі кодексін жаңарту мен жетілдірудің және кеңейтудің жолдарының қарастырылуы да бар.

Судьялардың ар – ождан Кодексінің пайда болуы ел тәуелсіздігі мен Судьялар қауымдасығының дүниеге келуімен тікелей байланысты. Бастапқы «Судьялар этикасының» қағидаттары 1996 жылы 19 желтоқсанда өткен Қазақстан Судьялары қауымдастығының бірінші съезінде тұжырымдалса, ел тәуелсіздігінің он жылдығына орайлас келген 2001 жылы 6 маусымдағы үшінші съезде оған өзгеріс енгізілді.  

Қазақстан Республикасы судьяларының 2009 жылғы 18 қарашада өткен съезінде «Судья әдебі Кодексі» жаңа нұсқада бекітілген болатын.

Қоғам дамуының жеткен белестері әдет-ғұрып, әдеп нормаларын жаңа сапаға көтеріп отыратындығы белгілі. Жаңадан жасақталып жатқан «Судьялар әдебінің Кодексі» қоғам тарапынан сот билігіне деген сенімнің негізі ретінде судьялардың мінез – құлық ұстанымдарының бірыңғай стандарттарын белгілеуді көздей отырып жасақталуда. Бұрынғы әдеп кодекстеріне қарағанда қомақты және судьяның жалпы этикалық ұстанымдары мен кәсіби қызметін атқару кезіндегі, отбасы мен тұрмыстағы әдеп ұстанымдары бөлек - бөлек үш тарауда нақтыланып отыр.

Бүгінде ғасыр ширегін артқа тастаған мемлекетіміздің жүріп өткен жолдарына тәуелсіздік төрінен көз тастасақ елдігіміз халықаралық қауымдастықтан лайықты орынын тапқанына куә боламыз.  Ал артымызда бес жарым ғасырлық елдік тағдырымыз, кемеңгер халқымыздың өнегелі жолы жатыр. Билер дәстүрінен сабақ, әлемдік билік тағылымдарынан үлгі алдық. Елбасымыз айтқан «...ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін» Мәңгілік ел идеясымен қауыштық. «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғамда» өмір сүретін кезеңге жақындай түстік. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық кезеңінде жеткен жетістігіміздің бір парасы, міне осы.

                                                           Бек ӘМЕТОВ,

                                       Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы