Судья әдебінің кодексі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Судья әдебінің кодексі

2009 жылғы 18 қарашада Қазақстан Республикасы Судьяларының V Съезінде қабылданған

Судья әдебінің кодексі

 

Әркімнің өзінің құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау жөніндегі конституциялық құқығын іске асыру, Қазақстан Республикасы атынан сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тек Конституция мен заңға бағыну судьяның адамгершілік және моральдық-әдептік бейнесіне жоғары талаптар қояды.

Судья жұртшылықтың сот төрелігі жүйесіне деген сенімін нығайту мақсатында тәртіптің жоғары әдептік стандарттарын әйгілеуге және жетілдіріп отыруға ұмтылуға міндетті, мұның өзі жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғаудың үйлесімді ұштасуын қамтамасыз ететін тәуелсіз сот төрелігін жүзеге асыру үшін негіз болып табылады.

Судья сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі билік өкілеттіктерін өзіне қабылдай отырып, тәртіптік әдеп қағидаларын сақтауға байланысты шектеулерді ерікті түрде өзіне жүктейді.

Осы Судья әдебінің кодексі Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының «Сот органдары тәуелсіздігінің негізгі қағидаттары» туралы 40/32 және 40/146 Қарарларына, Бангалорда қабылданған Судья тәртібінің қағидаттарына сәйкес, жұмыс істеп жүрген судья мен орнынан түскен судья үшін тәртіптік әдеп стандарттарын белгілейді.

 

1-бап

Судья антқа адал болуға, заңдарды бұлжытпай сақтауға және судьяның мәртебесін қадірлеуге, өзінің ар-ожданымен жеке басының қадір-қасиетін сақтауға міндетті.

Судья сот билігінің беделін түсіретін, судьяның абырой-беделіне нұқсан келтіретін және сот төрелігін жүзеге асыруы кезінде оның объективтілігі мен тәуелсіздігіне күмән тудыратын жағдайлардың бәрінен қандай жағдайда болмасын өзін аулақ ұстауға тиіс.

Судья қоғамдық және өзге де байланыстардың оның кәсіби қызметіне ықпал етуіне жол бермеуі қажет.

Судья қызмет бабын өзінің жеке басының мүдделері, отбасы мүшелерінің, туыстары мен жақындарының мүдделері үшін пайдалануға тиіс емес.

Судья құпия сипаттағы материалдық мүдделер туралы хабардар болуға және өзінің отбасы мүшелерінің материалдық мүдделері туралы ақпарат алу мақсатында ақылға қонымды шаралар қабылдауға тиіс.

 

2-бап

Судья өзінің кәсіби қызметінде және қызметтен тыс кезінде заңдарды, Судья әдебінің кодексін, жалпы жұрт қабылдаған мораль нормаларын сақтауға міндетті.

Судья заңдарға және ар-ожданына сәйкес шешім қабылдауға тиіс.

Судья процеске қатысушылармен іс жүргізуден тыс қарым-қатынастардан аулақ болуға, оның кәсіби беделіне күмән тудырмайтындай тәртіпті ұстануға тиіс.

Судья бейтарап болуға міндетті. Қоғамдық пікір, судья қызметін БАҚ-та сынау оның шешімдерінің заңдылығы мен негізділігіне ықпал етпеуге тиіс.

Судья сот актісі шығарылғанға дейін оның мәні, айыптаудың дәлелденгені немесе дәлелденбегені, арыздың негізділігі не негізсіздігі туралы өзінің пікірін жария етіп білдіруге, сондай-ақ соттардың заңды күшіне енген қаулыларына кәсіби қызметінен тыс жағдайда күмән келтіруге және өз әріптестерінің кәсіби әрекеттерін сынауға құқылы емес. Судья өзінің міндеттерін атқару кезінде алған ақпаратты ашуға немесе өз мақсаттарына пайдалануға, кеңесу бөлмесінің құпиясын ашуға құқылы емес.

Судья сыпайы, төзімді, әдепті болуға және сотқа қатысушыларға құрметпен қарауға тиіс. Судья сот ісін жүргізуге қатысушы барлық тұлғалардан тап осындай тәртіпті талап еткені жөн.

3-бап

Әкімшілік өкілеттіктер берілген судья осы өкілеттіктерін адал, біліктілікпен орындауға, судьялардың қызметіне жәрдемдесіп отыруға және шешімдерді қабылдау кезінде оларға ықпал ету мақсатында тәуелсіздіктің қандай да болмасын түрде шектелуіне, қысым жасалуына немесе өзге де ықпал ету шараларына сондай-ақ дөрекілік, жөнсіздік фактілеріне жол бермеуге тиіс.

4-бап

Жұмыстан тыс кезінде судья өзін оның тәртіптілігі пен адалдығына дақ түспейтіндей етіп ұстауға тиіс. Оның әрекеттері мен қылықтары судья атағына дақ түсіруге және сот билігінің беделін кемітуге тиіс емес.

Судья оның беделін түсіретін кез келген жерге барудан аулақ болуға тиіс.

5-бап

Судья ұлттық және халықаралық құқық саласындағы білімін нығайтуға және кеңейтуге, өзінің міндеттерін тиісінше атқару үшін қажетті практикалық тәжірибесін жетілдіру және жеке басының ұнамды қасиеттерімен танылуы жөнінде шаралар қабылдауға, оқудың мүмкіндіктерін және судьялардың қолы жететін басқа да мүмкіндіктерді осы мақсаттар үшін пайдалануға міндетті.

Судья сот төрелігінің мүдделеріне зиянын тигізбестен оқытушылық қызметпен, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметпен шұғылдануға және осы үшін тиісті сыйақы алуға құқылы.

Судьяның қызметі депутаттық мандатпен, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқау кеңесінің құрамына кірумен сыйыспайды.

Судья партиялар, кәсіптік одақтар қатарында бола алмайды, қандай да бір саяси партияны қолдап немесе оған қарсылық білдіріп сөйлеуге тиіс емес.

6-бап

Судья, оның отбасы мүшелеріне байланысты және судьялық міндеттерін орындауына кедергі келтірмейтін істерді қоспағанда, басқа адамдардың істері немесе өзге де заңды мүдделері бойынша өкілетті өкіл ретінде әрекет жасауға құқылы емес.

7-бап

Осы Кодекспен белгіленген тәртіп қағидасын атқарып отырған қызметіне қарамастан Қазақстан Республикасының әр судьясы үшін, сондай-ақ орындарынан түскен, бірақ судья атағы мен судья қоғамдастығына қатыстылығын сақтаған судьялар үшін міндетті болып табылады.

Осы Кодекстің ережелері бұзылған жағдайда судьяға қатысты Судья әдебі жөніндегі комиссия туралы ережемен қарастырылған қоғамдық ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін.

 

8-бап

Осы Кодексті қолдану кезінде жасалған теріс қылықтың барлық мән-жайы, сот билігінің беделіне және судья атағына келтірілген нұқсан, судьяның жеке басы және оның жасалған теріс қылыққа қатысы ескеріледі.

9-бап

Судья әдебінің кодексін қабылдау, сондай-ақ Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасы судьялары съезінің ерекше құзіреті болып табылады.

Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Орталық кеңесі Судья әдебі жөніндегі комиссия туралы ережені бекітеді.