Әділ шешімдер Дала демократиясынан бастау алады

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау

ҚазАқпарат сайты 2 сәуір 2015ж.

Біздің Ұлы даланың дамуында өзіндік айшықты ерекшеліктер болды. Еркін аймақта ғасырлар жүзінде қазақ-түркі этносының біртұтас тілдік және мейлінше дамыған демократиялық құқықтық мәдениеті қалыптасып бекіді. Осыған орай Ақжайық аудандық №2 сотының төрайымы Гүлжихан Сағитова өз ой-толғамын былайша білдірді.

Оның пайымдауынша, қазақ құқығы, құндылықтары - бостандық, әділдікке негізделген қасиеттері «Дала демократиясы» негізінде дамыды. Ежелгі сот билігі беделінің өсуі, талай ханға ақылшы болған билердің халық ілтипатына бөленуі қазақ құқығының өзіндік қырын аңғартады. Қазақ құқығында өлім жазасы, түрмелер, бас бостандығынан айыру, денеге зақым келтіру, қылмыстық қудалау болған жоқ. Барлық даулар азаматтық-құқықтық сипатқа ие болды және олар үшін мүліктік жауапкершілік қолданылды.

Қазақ билері Шығыстағы басқарушы билерден өзгеше болып қалыптасты. Олар әрі ақын, әрі шешен, философ, әрі ойшыл, әдет-ғұрып құқығының білгірі еді. Қазақ құқығы бойынша сот әділдігін іске асыру әділдік, халықтық, адамгершілік идеологиясына негізделді және оның түп мақсаты дауласушы жақтарды татуластыру болып табылды. Дауды қарастырудағы қарапайымдылық, сот әділдігімен дәлелдеу бостандығының қамтамасыз етілуі, тараптар өкілдерінің іске қатысу мүмкіндігінің шектелмеуі, тараптарды татуластыруға тырысу және соттық шешімдердің, тіпті кінәлі тарапқа қатаң жаза тағайындалған кезде де қоғамның алдындағы әділеттігі мен логика заңдарына сай болуын қамтамасыз ету билер сотының мән-мазмұнын құрады.

Бұрынғы қоғамымызда сөз құдіретін жоғары бағалаған. Дауласқан даугерлерді, жауласушыларды бір ауыз сөзбен тоқтатқан. Шешендік өнер адамдардың қарым-қатынастарының барлық деңгейінде отбасылық, рулық, мемлекеттік негізгі атрибуттардың бірі болып есептелді. Сөздік қордың байлығы, оны пайдалана білу ерекше бағаланды. Билер соты шешендік сөз күш құдіретіне негізделген. Шешендік өнердің бастапқы қайнар көзі, оның сақтаушысы, әрі реформаторы - соттық билікті жүзеге асырған билер болатын. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ХVII-ХVIII ғ.ғ. өмір сүрген қазақтың атақты үш биі - Төле, Қазыбек, Әйтеке билер туралы «Үш данагөйдің өнегелі өмірі, ел қамын жеген адал еңбегі, топ бастаған көсемдігі, от ауызды, орақ тілді шешендігі, мүлтіксіз әділдігі жөніндегі айтар әңгіме аз емес», деп жазды.

Аты әлемге әйгілі жазушы, қазақ тарихының білгірі Мұхтар Әуезовтің әрбір хан өз қасында ақылшы болатын биді таңдағанда, ең алдымен сөз тапқыш, өткір деген шешеннен таңдайтынын айтқаны да бар.

Тәуке хандық құрған ХVII ғасырдың аяғы мен ХVIII ғасырдың басы қазақ елінің абырой асып, көсегесі көгерген ерекше бір кезеңі болды. Бұл жайында белгілі тарихшы А.И.Левшин былай деп жазыпты. «Тәукенің атын атасақ, бар қазақтың жүрегін алғыс кернеп, мақтаныш билейді... Тәуке алауыз болып қырғынға бөккен елді сабаға түсіріп, ру мен рудың арасындағы талай жылғы қантөгісті тоқтатты, ақылы мен әділдігінің арқасында жұрттың бәрін өзіне мойынсұндыра білді, әлсіз рулардың басын қосып, әлеуетті дұшпанға қарсы қоя алды. Күштілерді тізеге салып, тәубесіне келтірді, баршаға ортақ заң жасап, сол бойынша билік айтты. Атақты Мәртөбеде үш жүздің игі жақсыларының басын қосып, ел өмірінің көлемді мәселелерін талқылады. Қазақ қоғамына осындай біртұтастық дарытып, ынтымақ орнықтырған ежелгі ереже-қағидалардың, тәртіп-низамның, салт-дәстүрлердің жүйелі жиынтығы - атақты «Жеті жарғы» еді. «Жеті Жарғы» баба даналарымыздың «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын мемлекет басқару мен биліктің қалыптасқан жосықтарын негізге алып, сахараның сол замандағы тұрмыс-тіршілігін, қоғамдық, әлеуметтік ахуалын ескере отырып, келешектің қамын ойлап, жан-жақты байыпталған заңгерлік ұлы мұрасы еді. Ұлы Абайдың «Ғақияларының» үшінші сөзінде «билік жасау үшін бұрынғының «Қасым ханның қасқа жолы», Әз Тәуке ханның «Күлтөбенің басында күнде кеңес» болғандағы «Жеті жарғысын» білмек керек»,- деуін көреген бабаларымыздың реформаторлық қасиеттерін бағалағаны деп тануымыз керек.

«Жеті жарғы», Ұлытауда үш жүз тайпалары өкілдерінің қол қойған «таңбалы тасы» - шын мәніндегі қазақтын тұңғыш Конституциясы. Осы игілікті істердің басында өздерінің бар рухани күш-қуаттарын жұмсап, қазақтың ұлы билері жүрді. Олар қырдың қатал заңын бір жүйеге келтіріп, оны жаңа жағдайдағы түз тіршілігіне сәйкес бай мазмұн мен түр беріп, қайта түзді. Олар ескі сүрлеуге түсіп кетпей, өмірдің көп жағын заңдастырып қана қоймай, өздерінің саяси-әлеуметтік, рухани-танымдық болмыстарын да көрсететін құжат жасады.

Иә, «Жеті Жарғы» - өз заманында ілгерішіл үлкен маңыз атқарған құжат. Онда ғасырлардан келе жатқан «Дала демократиясы» қатты ескерілді. Жер мен жесір дауы, барымта мен қарымта, құн және тағы басқа да жәйттар әділ шешімін тапты. Талай тайталас, дау-дамайдың ортасына түсіп, елдің, жұрттың атынан ақ сөйлеп, кесімді шешім айтып, биік парасатымен көзге түскен белгілі билер ақырғы демі таусылғанша, сол бекзаттығынан бұра тартпай, қандай қиын іс болса да, қисынға жеңдіріп, сөзімен де, шешімдерімен де үлгі көрсетті.

«Жеті Жарғы» ауыл-үйдің берекесін қашыратын талас-тартысты азайтып, бірлікке үндеді. Күншілдік, бақталастық, қызғаншақтық сияқты күйдіргі дерттен айықтырып, шаруаға құлшындырып, еңбекке баулып, қарекет-тірлікке икемдеді. Ел басы қосылып, халық өз қасиетін таба бастап еді. Әрине, іргелі елдің ірілігі бірден келе қойған жоқ-ты. Ол екі тізгін, бір шылбырдың қауһарлы қолға тигендігінің арқасында болған-ды. Ол тізгін - Тәуке хан меңгерген хандық билік еді. Ол тізгін - Тәуке хан маңайына топтасқан зиялы топ өкілдері еді.

Осы «Жеті Жарғының» негізіне Тәуке хан «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп аталатын байырғы қазақ хандарының мемлекетті басқаруы мен халықты билеуінің қалыптасқан жосықтары мен низамдарын басшылыққа алған. Ал сол кезеңнің үш данасы атанған, үш кемеңгері деп танылған, халқының үш көсеміне айналған Төле би, Қазыбек және Әйтекелер оны сайын сахараның сол замандағы тұрмыс-тіршілігіне, қоғамдық һәм әлеуметтік ортасына икемдей түсіп, сәйкестендіре екшеп, жаңғыртып қайта жасаған. Сөйтіп тек билердің ғана емес, бүкіл қазақ халқының саяси-әлеуметтік, рухани-танымдық, салт-саналық болмысын тұтастыра көрсететін құжат дүниеге келді. Сондықтан да бұл жарғы «Тәуке хан заңдары» деп те аталады. «Жеті Жарғының» бұрынғы жарлықтардан бір өзгешелігі, қатал кесім - қанды өлімге тыйым салынғандығы. Енді құн төлеу сияқты жаза, кесім түрлерін далалық құқыққа енгізді. Бірінші негізгі сала - жер дауы. Қыс қыстау, жаз жайлау, қоныс, құдық мал баққан елдің атадан балаға мирас қып қалдыратын еншісі. Сондықтан көшпелілер үшін жерден киелі ештеңе жоқ. Жер дауынан қиын дау да жоқ. Екінші сала - үйішілік тірліктегі сыйластық, байланыстылық, әке мен бала, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, үлкен мен кіші арасындағы сыпайыгершілік, ата-анаға деген құрмет, жастарды тәрбиелеу, баулу сияқты инабаттылық, имандылық шаралары. Өйткені, «баланы жастан» дейтін қағиданы ұстанған халқымыз ұл-қызын ибалылыққа үйретіп, имандылық қасиетке икемдеп отырған. Үшінші тармақ - ұрлық пен қорлыққа, барымта-сырымтаға кедергі қойып, бұқараны адалдыққа шақырып, еңбекпен күнелтуге бейімдеген заңдар тізбегін қамтиды. «Арам жемейік, адал өлейік» дейтін пікір сол кезде қалыптасса керек. Жарғының төртінші бабы - ел мен ел, халық пен халық, ру мен ру арасындағы дау-дамайды әділдікпен шешуге арналған. Ынтымақтық тілеген ел дауды білекпен емес, білікпен тындыруды көздегені ақиқат. Өйткені ұлы билер ұлағаты - соның ақиқат куәсі. Сондықтан бұл тармақтың қазақ даласы үшін де, қазақ баласы үшін де мәні зор екені даусыз. Бесінші бунақ-бап - ел бірлігін сақтау, Отанын қорғау, сыртқы жауға тойтарыс беру, жасақ құру, сардар сайлау, сауын айту тәрізді жаугершілік кезіндегі мемлекеттік ірі оқиғаларды қамтыған ереже-қағидалар шоғырын түзейді. Алтыншы тармақ - түгелдей құн дауына бағышталған. Бұл тармақта «құнды кек», «қанды мойын құнекер», «ежелгі дұшпан», «ескі жау» ұғымдары қалыптастырған қаталдық пен қатыгездікті жұмсартып, қазақтың онсыз да оңай желпілдегіш түндігіне одан сайын жел үрлемей, жаттан емес, жақыннан жау тапқызатын қатқылдықты иітуге барын салған үш бидің де мәмлегер даналығы бар.

Жетінші тармақ тұтастай жесір дауынан құралады. Әрине, ол тұста ру мен руды, ауыл мен ауылды әрі біріктіретін де, бөлектейтін де жесір дауы болғаны рас. Құда боп төс түйістіріп, көңіл қосып, құшақ табыстарған қазақ, осы қыз дауы, жесір дауы арқылы аттан-айғайға басып, сойыл-шоқпарға жармасып, барымта-сырымтаға аттанып, оқ боратып, шаң суырып, бас жарып, білек сындырып, қан ағызып, көз шығарып, алыс-жұлысқа, төбелес-ұрысқа да, сойқан соғысқа да барып қалатын, Сол себепті де ең бір осал тұс, өкпе сызы көп, айқай-жанжалы мол, ұрыс-керісі орасан осы жесір дауына үш бидің -Төленің, Қазыбектің, Әйтекенің «Жеті Жарғысы» қатты көңіл бөлген. Мысалы, айттырған жеріне бармай, өзге жігітпен көңіл қосып кеткен бойжеткеннің төркіні алған қалың малын қайтарып қана қоймай, қосымша үш тоғыз айып «біріншісі жамбы бастаған тоғыз, екіншісі ат бастаған тоғыз, үшіншісі түйе бастаған тоғыз) төлейтін болған. Әрине, бұл өте ауыр айып, қиын айып. Бірақ, бүтін елдің бүлінбеуін, тату ағайын арасының ірімеуін, шырық бұзар шабуылдың шықпауын түгендеген қатал ұйғарым. Сонысымен де құнды.

Әз Тәукенің тұсында әдет-ғұрып заңдарын жасап және соны үш жүздегі үш бидің жүзеге асыруымен қазақ хандығы біршама бейбіт өмір сүрген. Бұларға қоса «Жеті Жарғы» түгел қамтымайтын, бірақ халқымыздың елдігі үшін елеулі мәні бар, мемлекет үшін зор маңызы бар соғыс пен бітім, басқа халықтармен сауда және дипломатиялық қарым-қатынас мәселелері де ұлы билер басшылығымен көп талқысынан өтіп, шешіліп жатты. Жиындарда тайпалардың, жүздердің көкейкесті ой-тілектері барша халықтық мүддеге табысты. Сөйтіп, үш жүз біртұтас халық болып қауышып, ынтымақ-бірлік туы астында табысты. Қарадан шыққан әскери элита, елге билік айтқан шешендер мен көсемдер хан тірегіне айналды. Хандық билік жүйесі мен ақыл-күштің тетігі батырлар мен билер билігіне осылай ұласты. Билер мен батырлар әкелген қара халықтың рухы хандық өктемдікті шектей білді. Бүкілқазақтық мәжіліс, бүкілқазақтық негізгі заң, үш жүздің бірлігі, ынтымағы осылай туындады, ұлттық сана халық көңіліне осылай ұялады.

«Дала демократиясы» өзінің даналығының арқасында, әлбетте, осы күнге дейін жетіп, біз оны оқымыстыларымыздың зерттеуінен, талдауларынан одан әрі көбірек біле түсудеміз. Тәуелсіз мемлекетімізде жылдар жүзінде өткен референдумдар да бай тарихымыздың жарқын ұшқындары болды. 1995 жылғы 30 тамызда бүкіл халық болып жаңа Конституциямызды қабылдадық. Оны алдымен жаппай талқылау ұйымдастырылды, жұрттың пікірі жан-жақты ескерілді. Аса маңызды мемлекеттік шешім қабылдауда баяғыдағы әлеумет болып кеңесу жадымыздан өшпегені сөзсіз байқалды. «Далалық демократия» тетігі қайта жанданды. Ата Заңымыз, міне, байтақ еліміздің өркендеуіне, атқарушы, заң шығарушы сот билігінің барған сайын нығайып, халқымыздың ойынан шығуына берік іргетас қалады. Конституцияда қаралған құқықтар мен еркіндіктердің жүзеге асуын қолдап, бағалауымыз керек. Осындай жағдайда ғана біз қоғамның шынайы конституциялық дүниетанымын, жаңа конституциялық мәдениетті қалыптастыра аламыз. Мәдениеттілік, отансүйгіштік, ұлтжандылық әрбір отбасындағы тәрбие шеңберінен бастау алса, әділдік пен заңдылықтың күретамыры Ата Заңымыздың бұлағынан арна тартады. Ал осының бәрінің бастауында «Дала демократиясы» тұр. Тарих оқу алаңы, ең білікті ұстаз екені ақиқат. Демек, біз оны ұдайы оқып үйренсек, тірлігіміз әманда оңға басады», деп түйіндеді ойын Г.Сағитова.