Ел болып уйысудың тамыры тереңде

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау

Заң газеті 17.03.2015ж.

Қазақ хандығы шаруа­шы­лық­тың дамуы, өндіргіш күштердің өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәти­же­сінде ерте заманнан бері Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ – қазақ халқының негізінде бірігуі арқылы XV ғасырдың орта шенінде құрылды. Қазақ хандығының құрылуына Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап шығыс Дешті-Қыпшақтан батыс Жетісу жеріндегі Шу мен талай өңі­ріне қоныс аударуы мұрындық болды. Ол кезде Жетісуды билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434-1462 жылдары билік еткен) қоныс аударған қазақтарды Әбілхайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, қоныс берді.

Алғашында Қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің алабы еді. Ежелден осы алапты мекендеген тайпалар Дешті-Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті. Әбілхайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан күйзелген қазақ тайпалары ес жинап, тұрмысы түзеле бастады. Алайда, жаңадан құрылған Қазақ хандығының экономикалық негізі әлсіз еді. Жаңа құрылған Қа­зақ хандығы құрамына, яғни, батыс Жетісу өңіріне он шақты жыл айналасында екі жүз мыңдай көшпелі тайпалардың жиналуы кең өріс-қонысты керек етті. Сонымен қатар, көшпелі елдің отырықшы-егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе, қол­өнері мен саудасы дамыған эко­но­микалық орталық Сырдария жаға­лауындағы қалалармен сауда-саттық қарым-қатынасқа қолайлы жағдай жасауы маңызды мәселеге айналды. Сырдария бойындағы қалалар мен Дешті-Қыпшақ даласы үшін күресте Қазақ хандығының басты бәсекелесі Әбілхайыр хан болды. Қазақ хандығы Әбілхайырға қарсы күресу үшін ең алдымен Моғолстан мемлекетімен тату көршілік, одақ­тық байланыс орнатты. 1468 жылы қыста Әбілхайыр хан Қазақ ханды­ғын қиратпақ болып, Жетісуға жо­рық­қа аттанды. Бірақ, сапары сәтсіз болып, осы жорық кезінде қаза тап­ты. Әбілхайыр хан өлген соң өзбек ұлысының шаңырағы шай­қал­ды, ішкі шиеленістер күшейді. Әбілхайырдың қаза болуы Қазақ хандығының нығаюына және оның аумағының кеңеюіне үлкен жағ­дай тудырды. Өзбек ұлысының үл­кен бөлігі Керей мен Жәнібек хан­дар­ға көшіп кетті. Қазақ хандары Әбіл­хайыр ханның мұрагерлеріне қар­сы күресте олардың ішкі-сыртқы қай­шы­лықтарын толық пайдаланды. Әбілхайыр ханмен билікке таласып келген Жошы ұрпақтары – Ахмет хан мен Махмұд хан, батыс Сібір­дің билеушісі Ибақ хан және Ноғай мырзалармен одақтаса отырып кү­рес жүргізді.

XV ғасырдың 70-жылдарында қазақтар Сырдария бойымен оған жалғас Қаратау өңірінің бірсыпы­ра территориясын басып алды. Сөй­тіп, қазақ хандығының территория­сы әлдеқайда кеңейді, оған тұс-тұсынан қазақ тайпалары келіп қо­сылып жатты. Алайда, Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбіл­хайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан ас­там уақытқа созылды. Сонымен қатар, бұл қалаларды Түркістан аймағын билеген Әмір Темір әуле­ті­нен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан мен Моғолстан ханы Жүніс хан да қолдарына түсіруге дәмелі болды. Сыр бойы калалары үшін Қазақ хандары өте қажырлы қайрат жұмсады. 1470 жылы қыста Қазақ ханы Керей қол бастап Түр­кіс­танға шабуыл жасады. Қазақ ханы Әз Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын ба­ғын­дырды, екінші баласы Еренжі Сауранды иемденді. Сауран түбінде қа­зақ­тардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашты. Сөйтіп, Сырдария жағасындағы Созақ және Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына кірді. Сонымен, қазақ хан­дығының құрылуына ұйтқы бол­ған себептер – саяси және этникалық процестер болғандығын нық түрде айта аламыз. 

Е.МҮТИЕВ, 
Орал қаласының мамандандырылған
әкімшілік  сотының 
жетекші маманы