Адам құқығын қорғаудың мүмкіндіктері күшейтілген

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау

 

Заңгер №1 (162), 2015

Жаңа қылмыстық процестік Кодекс 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұл кодекс 2020 жылға дейін жасалған Құқықтық Концепция бойынша, еліміздің экономикалық, әлеуметтік жағдайларына сай, заңдарды жетілдіріп, халықаралық стандарттарға  сәйкестендіру мақстаныда қабылданып отыр.

Жаңа қылмыстық процестік кодекстің басты мақсаты адамдардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды толыққанды қамтамасыз ету болып табылады. Осы орайда қылмыстық сот өндірісі саласы түгелдей өзгерістер мен толықтыруларға ұшырады деп айтсақ артық болмас еді.

Атап айтқанда, сотқа дейінгі тексеру шаралары жаңа сипат алып, тергеу жүргізуші судья қызметі айқындалған, сотқа қатысушы тараптардың өзара бәсекелестігі мен құқықтарының ауқымы арттырылған.

Жаңа Кодексте істерді қосымша тергеуге қайтару институты да жойылған, бұл істерді сотқа дейінгі тексеру барысында тергеу сапасын, тиісті органдардың жауапкершілігін арттырып, тергеу мерзімінің негізсіз созылып кетуіне жол бермейді. Сот тек қана істі басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық-процестік заңнаманы елеулі түрде бұзушылықтар болған жағдайда немесе олар сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу істері бойынша немесе жасалған процестік келісімдері бар істер бойынша осындай кемшіліктер басты сот талқылауында анықталған кезде, оларды жою үшін прокурорға қайтарады. Басқа жағдайларды сот іс бойынша жинақталған дәлелдемелерге баға беріп, осы заң талаптарын басшылыққа алып сотталушыға қатысты айыптау не ақтау үкімін шығаруға тиіс.

Сонымен қатар Кодексте  тергеу алды тексеру,  қылмыстық іс қозғау институттары жойылған. Азаматтарды  ұстау тәртіптері жаңартылған. Қылмыстық тергеу органдарына азаматтарды алып келу, тексеру барысында, сотта іс жүргізуге қатысты арнайы нормалар қарастырылған.

Солардың кейбіреулеріне тоқталып өткенді жөн көріп отырмын.

ҚПК-тің 7 бабының 29) тармағында сай, нақты ұстап алу – жүріп-тұру бостандығын қоса алғанда, ұстап алынған адамның бостандығын шектеу, оны белгілі бір орында мәжбүрлеп ұстау, анықтау және тергеу органдарына мәжбүрлеп жеткізу (қолға түсіру, үй-жайға қамау, қандай да бір жерге баруға немесе орнында қалуға мәжбүрлеу және сол сияқтылар), сондай-ақ ұстап алынған адамға қандай да бір процестік мәртебе берілуіне немесе, өзге де формальды рәсімдердің орындалуына қарамастан, көрсетілген шектеулер нақты болған кезден бастап адамның бас бостандығын минутқа дейінгі дәлдікпен елеулі түрде шектейтін қандай да бір өзге де әрекеттер.

Бұл заң нормасы қолданыстағы қылмыстық іс жүргізу кодексінде қарастырылмаған болатын. Сезікті адамды ұстау мерзімі оған қатысты ұстау туралы хаттама толтырылған кезден бастап есептелініп келеді. Жаңа заң талаптары қылмыстық қудалау органдарының лауазымды адамдарына азаматтарға, сезікті адамдарға қатысты кез келген әрекет жасау барысында қызметтік міндеттеріне аса жауапкершілікпен қарауды жүктейді. Себебі адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдiк бойынша ұстап алған кезде мерзiм осы шара нақты қолданылған кезден (минутына дейін дәлдікпен сағаттан) бастап есептеледi. 

Сонымен қатар жаңа кодексте көптеген дамыған елдерде қолданылып жүрген американдық «Миранда Ережесіне» ұқсас етіп, ҚІЖК-нің 131-бабында қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген адамды процестік ұстап алу тәртiбi туралы норма  қарастырылған. Бұл бап талабы бойынша адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алу кезінде қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы оның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғанын ауызша хабарлауға, оған қорғаушы шақыру құқығын, үнсіздік сақтау құқығын және оның айтқандары сотта оған қарсы қолданылуы мүмкін екендігін түсіндіруі тиіс.

Егер ұстап алынған адам мемлекеттік немесе ресми тілдерді білмесе, оның құқықтарын түсіндіру одан күдікті ретінде жауап алу басталғанға дейін аудармашының және қорғаушының қатысуымен жүзеге асырылып, ол туралы жауап алу хаттамасында белгі жасалады.
Адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатыстылығын анықтау мақсатында үш сағаттан аспайтын мерзімге қолданылатын процестік мәжбүрлеу шарасы ретінде жеткізу де қарастырылған.
Адамның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бары расталған жағдайда, қылмыстық қудалау органы осы Кодекстің 131-бабында көзделген тәртіппен ұстап алуды жүзеге асыруға құқылы, оны тиісті орындарға жеткізу мерзімі ұстап алудың жалпы мерзіміне қосылады.   

Қазіргі кезде кейбір қылмыстық іс бойынша жәбірленуші жаққа, немесе куәларға қылмыстық іс бойынша сезікті адамның, айыпкердің және сотталушың тарапынан соңдарынан қалмай өтініштер айту, қорқыту фактілері орын алып отыратыны жасырын емес. Осының салдарынан олардың тергеу барысында да, сотқа келгенде тергеу кезінде берген алғашқы жауаптарын өзгерту, олардан бас тартулары кездесіп, істі қарау барысында, дәлелдемелерге баға беру кезінде кедергілер болып табылады.

Бұл жағдайды реттеу барысында Кодекске жаңадан қосылған баптардың бірі 165-бап. Бұл бапта жәбірленушіні және іске қатысатын өзге адамдарды қорғау мақсатында күдіктінің, айыпталушының, сотталушының оларды іздестіруін, олардың ізіне түсуін, оларға баруын, олармен телефон арқылы сөйлесуін және өзге де тәсілдермен қарым-қатынас жасауын шектеп, жақындауға тыйым салу тәртібі қаралған.

Бұл шектеу күш қолданумен немесе оны қолданамын деп қорқытумен байланысты, отбасыға және кәмелетке толмағандарға қарсы нақты қатер болған жағдайда жәбірленушінің немесе қорғалуға жататын өзге адамның жазбаша арызы бойынша тергеу судьясының санкциялауымен, немесе сотпен қолданылады.
Жақындауға тыйым салу туралы қаулыда осы процестік мәжбүрлеу шарасын қолданудың негіздері және жақындауға тыйым салу түрлері, сондай-ақ оның сақталуын бақылау жүктелетін орган көрсетілуге тиіс.

Жақындауға тыйым салу бұзылған кезде күдіктіге, айыпталушыға осы Кодекстің 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы, сондай-ақ бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар жаңа процестік  кодексте тергеу судьясы  лауазымы  қарастырылған. Тергеу судьясын сот төрағасы тағайындайды.

Оның іс жүргізу мәртебесі ҚІЖК-нің 55 бабының 1 тармағында көрсетілген,  яғни ол аудандық және оған теңестірілген соттардың судьясы ретінде сотқа дейінгі іс  әрекеттерге араласу құқығы берілген тұлға болып табылады және сотқа дейінгі іс жүргізу барысында күзетпен ұстауды, үйқамақты, экстрадициялық қамақты, кепілді қолдануды, лауазымынан уақытша шеттетуді, жақындауға тыйым салуды, мүлікке тыйым салуды санкциялайды, күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру, бұрын өзіне қатысты күзетпен ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру, мәйітті эксгумациялау, күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау мәселелерін қарайды.
Сонымен қатар осы Кодексте көзделген жағдайларда тергеу судьясы:
1) анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды қарайды, іс жүргізу барысында жәбірленуші мен куәның айғақтарын сақтауға қояды және осы Кодексте көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
Тергеу судьясының қаулысына іске қатысушы жақтармен шағым жасалуы не наразылық келтірілуі мүмкін.

Тергеу судьясының жәбірленушіден, куәдан жауап алу ерекшеліктері (айғақтарды сақтауға қою)  Жаңа кодексте арнайы қаралған.

Бұл тергеу судьясымен сотқа дейінгі өндіріс барысында жауапталған жәбірленушінің, куәлардың   жауаптарын, олар сотқа қатыса алмаған жағдайда сот өндірісінде дәлелдеме ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.          

Жәбірленушіден, куәдан жауап алу ерекшеліктері (айғақтарды сақтауға қою)  бірнеше себептермен туындап отыр, атап айтқанда кейбір жағдайларда жәбірленушілер, немесе басты куәлар  дәлелді себептермен /ҚР- нан тыс жерде болуы, тұрақты адресінің болмауы/ сот мәжілісіне қатыса алмауы мүмкін.

Бұдан басқа, кейбір санаттағы куәлар, жасы 14 ке толмаған адамдар, жүкті әйелдер және дәрігерлік қорытындыға сай орнын тастап кетуге болмайтын ауру адамдар сотқа мәжбүрлеп алдырылуға жатпайды.

Сонымен қатар сотта жауаптарын өзгертетін куәлар да аз емес. Олар жауаптарын өзгерту себебін тергеу органдары тарапынан қысымшылық көрсетті деп түсіндіреді. Бұл жағдайда олардың тергеуде берген жауаптарына сотта баға беруге қиындық тудырады.

Бұл заң нормасы бойынша прокурор, күдікті немесе іске қорғаушы ретінде қатысатын оның адвокаты жәбірленуші, куә болып табылатын адамнан, егер олардан сотқа дейінгі тергеп-тексеру, не сот отырысы барысында неғұрлым кешірек жауап алу объективті себептерге (Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тұрақты тұруы, шетелге шығуы, денсаулығының ауыр жағдайы, қауіпсіздік шараларын қолдану) байланысты мүмкін болмауы ықтимал деп пайымдауға негіз болған жағдайда, сондай-ақ психикасын жарақаттаушы әсер етуді болдырмау үшін кәмелетке толмаған куәлар мен жәбірленушілерден кейіннен жауап алуды болдырмау мақсатында тергеу судьясының жауап алуы туралы өтінішхат беруге құқылы.

Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурор алдында айғақтарды сақтауға қою туралы өтінішхатты тергеу судьясына жіберу туралы мәселеге бастама жасауға құқылы. Ол жолданымға қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің, куәнің айғақтарын сақтауға қою қажеттігін растайтын материалдарын қоса береді.
Тергеу судьясы жәбірленуші мен куәдан жауап алуы олардың айғақтарын сақтауға қою туралы өтінішхат берген тұлғалардың, ал қажет болған жағдайларда процеске басқа қатысушылардың қатысуымен жүргізіледі. Егер күдіктінің жауап алуға қатысуы жәбірленушінің, куәнің қауіпсіздігіне қатер төндіретін болса, күдікті жауап алуға шақырылмайды.

Жауап алынатын адамның тергеу судьясы сақтауға қойған айғақтары тіркелген сот отырысында хаттама жүргізіледі. Айғақтарды сақтауға қою кезінде болған процеске қатысушылар сот отырысы хаттамасының көшірмесін алуға және оған өздерінің ескертулерін келтіруге құқылы.

Кодексте жәбірленушілерге келген зиянды мақсатында зиянды өтеу қоры туралы арнайы бап енгізілген /173-бап/, бұл бап бойынша қылмыстық қудалау органының қаулысымен жәбірленушілер болып танылған тұлғалардың осы қордан мемлекеттік ақшалай өтемақыны кейінге қалдырмай толық не ішінара алуға құқығы бар екені көрсетілген.
Алайда бұл баптың ережелері жалпы Кодекс күшіне енгеннен соң емес, жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы заңнамалық акт қабылданғаннан  кейін қолданылатынын айта кеткен жөн, бұл заңнамада зиян қандай жағдайларда өтелетіні, өтеу тәртібі, мөлшері және мерзімдері айқындалуы тиіс.

Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы заңнамалық актіде айқындалған төлем мөлшерінде жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры төлеген ақшаның орнын толтыру міндетін сот үкіммен кінәлі адамға, кінәлі деп танылған кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдеріне, жеке тұлғаның қылмыстық жазаланатын іс-әрекетімен келтірілген зиян үшін заңға сәйкес материалдық жауаптылықта болатын заңды тұлғаға жүктейді.
Бұрын «Жедел іздеу қызметі туралы» бөлек заңмен қаралған жедел тергеу әрекеттері де Кодекске арнайы бөлім ретінде енгізілген.

Кодекстің 7 бабында жасырын тергеу әрекеті – осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда сотқа дейінгі іс жүргізу барысында өздерінің мүдделеріне қатысы бар қылмыстық процеске тартылған тұлғаларға хабарламай жүргізілетін әрекет деп түсіндірілген.
Кодекстің 231-бабына сай, мынадай жасырын тергеу әрекеттері жүзеге асырылады.
1) адамды немесе орынды жасырын аудио- және (немесе) бейнебақылау;
2) электр (телекоммуникация) байланыс желілері арқылы берілетін ақпаратты жасырын бақылау, ұстап қалу және түсіріп алу;
3) абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулар туралы ақпаратты жасырын алу;
4) компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу;
5)пошта жөнелтілімдерін және өзге де жөнелтілімдерді жасырын бақылау;
6)орынға жасырын кіру және (немесе) оны тексеру;
7)адамды немесе орынды жасырын байқауға алу;
8)жасырын бақыланатын жеткізілім;
9)жасырын бақыланатын сатып алу;

10) жасырын ендіру және (немесе) қылмыстық әрекетті имитациялау.

Жасырын тергеу әрекеттері негізінен жасағаны үшін санкциясы бір жылдан бастап және одан да жоғары мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін қылмыстар туралы істер бойынша және қылмыстық топ дайындайтын және жасайтын қылмыстар бойынша жүргізіледі.
Жасырын тергеу әрекеттері лауазымды адамның тиісті қаулысы негізінде жүргізіледі және прокурормен санкцияланады. Мынадай жағдайларда, адамды немесе орынды жасырын байқауға алу, жасырын бақыланатын жеткізілім, жасырын бақыланатын сатып алу, жасырын ендіру және (немесе) қылмыстық әрекетті имитациялау жасырын тергеу әрекеттері прокурордың санкциясынсыз жүргізілуі мүмкін.

Бұл жерде Кодекс бойынша тергеу судьясы сотқа дейінгі іс  әрекеттерге араласу құқығы берілген тұлға болғандықтан, жасырын тергеу әрекетерін санкциялауды оның құзыретіне берген жөн сияқты.

Бұдан басқа, жаңа Кодекстің новеллаларының бірі процесстік келісім.

Процестік келісім – қылмыстық процестің кез келген сатысында прокурор мен күдікті, айыпталушы немесе сотталушы немесе сотталған адам арасында жасалатын келісім.

Процестік келісім онша ауыр емес, ауырлығы орташа не ауыр қылмыстар бойынша – күдікті, айыпталушы келтірілген күдікпен, айыптаумен келіскен жағдайда – кінәні мойындау туралы мәміле және қылмыстық топ жасаған қылмыстарды, өзге де адамдар жасаған аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге ықпал ету кезінде барлық санаттағы қылмыстар бойынша ынтымақтастық туралы келісім нысанында жүргізіледі.

Процестік келісім жасасу адамды жәбірленуші және азаматтық талапкер болып танылған адамдардың алдында азаматтық-құқықтық жауаптылықтан босатуға негіз болып табылмайды.

Кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім жасау үшін мынадай шарттар болуы тиіс, күдіктінің, айыпталушының процестік келісім жасасуға ерікті түрде ниеті, ол келтірілген күдікке, айыптауға және іс бойынша қылмысты жасағанына қолда бар дәлелдемелерге және өзі келтірген зиянның сипаты мен мөлшеріне дауласпауы, жәбірленушілердің келісімі.

Процестік келісім жасасуға келісім берген жәбірленушіні залалды өтеу мөлшері туралы талапты одан әрі өзгерту құқығынан айырады, сот шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін күдіктінің, айыпталушының процестік келісімнен бас тартуға құқығы бар.

Процесстік келісім істері бойынша прокурормен айыптау актісі жасақталмайды, жасалған келісім бекіту үшін өтінішпен сотқа жолданады, басқа істер бойынша процесстік келісім жасау туралы ниет сот талқылауында білдірілсе, сот ақылға сиымды мерзім ішінде процесстік келісім жасау үшін істі прокурорға қайтарады.

Процесстік келісім бойынша сотқа түскен істерді қарау барысында сот жасалған процестік келісімнің заң талаптарына сәйкестігін тексереді, содан кейін істі тағайындау немесе прокурорға қайтару туралы шешім шығарады, егер процесстік келісім заң талаптарына сай келсе айыптау үкімін шығарады.

Кінәні мойындау туралы процестік келісім қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі өндірісті жеделдетуге, сот өндірісін жеңілдетуге, қылмыс жасалу мен іс бойынша шешім қабылдау мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Және қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органдардың айыпты дәлелдеу бағытында дәлелдемелер жинақтауын жеңілдетеді, себебі кінәлі адам айыбын мойындап, қылмыс жасау себептері мен мақсатын көрсетеді, айғақты заттарды, қылмыс құралдарын ерікті түрде береді.

Бұл жерде жәбірленуші де ұтады, өйткені ол да зиян мөлшерін заң талаптарына сай дәлелдемейді, зиянды өндіру мәселесі сот үкімінде көрсетілген мерзім ішінде  шешіледі, сот актісінің азаматтық талап туралы бөлігін мәжбүрлеп орындау үшін көп уақыт күтпейді.  
Ынтымақтастық туралы процестік келісім күдіктінің, айыпталушының, сотталушының және сотталған адамның қылмыстық процесті жүргізетін органға немесе прокурорға ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхатпен жүгінген жағдайда жасалады.

Облыс прокуроры немесе оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, ал сотталған адамға қатысты – Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасары ынтымақтастық туралы процестік келісімді бекіткеннен кейін ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған прокурор жасалған келісімнің нысанасы болып табылатын қылмыстардың ашылуын ұйымдастыруға және кінәлі адамдардың әшкереленуіне дереу шаралар қолданады, сондай-ақ күдіктіге, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасының күшін жою, не оны өзгерту қажеттігі туралы мәселені қарайды.
Егер ынтымақтастық туралы процестік келісімнің нысанасына қатысты қылмыстарға жүргізілген тергеп-тексерудің нәтижелері бойынша күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның ықпал етуімен аса ауыр қылмыстар, қылмыстық топ құрамындағы қылмыстар, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстар жасаған адамдар әшкереленсе және кінәлі адамдарға қатысты айыптау үкімі шығарылса, онда прокурор ынтымақтастық туралы процестік келісімнің талаптарын орындауға шаралар қолданады.
     

Ғизатолла ҚЫРЫҚБАЕВ,

Батыс Қазақстан облыстық сотының

кассациялық сот алқасының судьясы