Судья қызметі сыртқы өлшемдермен өлшенбейді

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау

 

16.01.2015ж.   Заң газеті

Судьяның қызметі ешбір сыртқы өлшемдерге симайды. Ерекше лауазым иесінің шынайы бейнесін оның шығарған үкімдері мен шешімдерінің мән-мағынасы, ішкі иірімдері, түптеп келгенде, жеке тұлғаның ар-ожданы айқын­дайды.

Судья шешім шығарған кезде ешбір сыртқы ықпалдарға бой алдырмауы, құлақ түрмеуі тиіс. Заңда да солай жазылған. Мұндай кезде олардың ұстанымдары тек ар мен заң ғана болуы керек. Сонда ғана әділ шешім шығарып, әділетті іс тындырады. 
Бірінші сатыдағы соттар мен апелляциялық сатыдағы сот судья­ларының айырма­шы­лықтары тәжірибесі мен білік­тілігі ғана емес, өмір мектебі, қоғам сынынан өткен азаматтық бейнелерінде көрініс тапқан. Соттың жоғары тұрған сатысына ең білікті судья­лар ғана өрлей алады.
Бүгінде ер тұғыры елуге қадам басқан Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының судьясы Есенбай Нұрлыбайұлы Боранбаевты жас күнінен білемін. Қасиетті Бөкейорда жеріндегі «Жетібай» ауылында, құмды өңірде туып- өскен. Көпбалалы қарапайым малшы әулеттің перзенті.
 Оралдағы Махамбет Өтемісов атындағы мектеп-интернаттың 1982 жылғы саңлақ түлегі сол жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің заң факультетіне оқуға түсті. 1988 жылы жоғары оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, туған өлкеге оралып, кәсіби қызметін Жәнібек ауданында мемлекеттік нотариустықтан бастады. Кешікпей Орал қалалық сотына аға заң консультанты болып қызметке ауысты. Ел тәуелсіздігінің бастапқы жылдары, нақтылап айтсақ, 1992 жылғы 19 ақпанда қалалық соттың халық судьясы болып сайланып, кейін облыстық соттың судьясы (1995), қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы (1999-2004) болып тағайындалып, қадағалау, кассациялық алқаларының судья­сы қызметтерін абыроймен ат­қарды.
Қазақ, орыс тілдерін жетік меңгерген, біліміне біліктілігі сай судья қандай істі қараса да, шашасына шаң жұқтырмас жор­ғадай мәресіне мүлтіксіз жет­кізген кездері көз алдымызда. Облыстық сотта судья болған бас­тапқы жылдарында өңірде аса зор қоғамдық серпіліс туғызған тапсырыспен кісі өлтіруге қатысты «Зенитте» қару жасағандар тобының ісін, «Босстың» ісін, «Томпақ оқиғасы» деген атпен елді елдеңдеткен алыстағы ауылда тұтастай бір отбасын жойып жіберген қаныпезерлердің, өңірдегі «Кәсіпкер әйелдердің ұйымдасқан тобы» дегенге қатысты атышулы сыбайлас жемқорлық қылмысын, қалалық саябақ маңында қыз бала­ны айуандықпен өлтірген қыл­мыс тобының басшысына қатысты қылмыстық істерді аса білгірлікпен қарап, әділ үкім шығарып, жұрт­шылықтың ризашылығына бөлен­гені де есімізде.
Бұдан екі жылдай бұрын үстінен қылмыстық іс көтеріл­ген бұрынғы адвокат А.Мұхам­бетовты сот залынан қамауға алу жөніндегі қаулысы қоғамда жаңғырық туғызды. Бірінші сатыдағы соттың судьясы ал­дын ала тергеу органдарының қылмысқа қатысы бар аталған тұлғаны қамауға алу жөніндегі ұсынысын жан-жақты зерттемей, күдікті адамды сот отырысына қатыстырмай үстірт шешім қабыл­дап жіберген. Ол тергеу орган­дары мен жәбірленушілер жағының наразылығын туғызып, жәбірленушінің заңды өкілінің шағымы бойынша арада апта өткенде Е.Боранбаевтың төра­ғалық етуімен облыстық соттың жабық отырысында қаралып, бұрынғы адвокат сот залынан тікелей қамауға алынды.
Дер кезінде алынған заңды шешімнің арқасында осы қыл­мыстық іс Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып, бөтен мүлікке құқықты алдау немесе сенімге қиянат жасау арқылы жасаған қылмысы үшін адвокат А.Мұхамбетов мүлкі тәркілене отырып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Тіпті, оның сыбайласы да анықталып, пайда табу мақсатымен қасақана кісі өлтіруге оқталғаны үшін мүл­кі тәркілене отырып, 14 жылға сотталды.
Бұдан екі-үш жыл бұрын аудан әкімдері тәртіптік кеңес пен прокуратураның ұсыныстары негізінде сыбайлас жемқорлықпен күрес деген желеумен лауазым иелерін жұмыстан заңсыз шығарып жіберуді үдетіп жіберді. Олардың кейбіреулерінің арты сотқа келіп тірелді. Осы кезде облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының судьясы болып тағайындалған Е.Боранбаевтың осындай мәніс­тегі бірнеше істі қарауына тура келді. 
Міне, солардың біреуі Аудан әкімінің өкімімен Жусандыой ауылдық округінің әкімі Талап Қазиев деген азамат сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасады деген желеумен қызметінен босатылыпты Әкімнің мұндай шешім шығаруына аудандық прокуратура мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша тәртіптік кеңесінің ұсыныстары негіз болған. Оқиға былай болған. 2013 жылғы 29 тамызда Жусандыой ауылдық округі әкімінің аппараты осы ауылға бюджет қаражатымен жарық­тандыру қондырғыларын орнату мақсатында «Батысрем­с­тройпроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен мем­лекеттік сатып алу шартын жаса­сады. 2013 жылғы 16 қазанда аудандық прокуратура жоспарлы тексеріс жүргізіп, жұмыс көле­мі толық аяқталмағандығын, 280 000 теңге шамасындағы бюджет қаражаты 17 қыркүйекте мердігердің есепшотына толық аударылып жіберілгендігін көрсетіп, материалды тәртіптік кеңеске жолдайды. Тәртіптік кеңес өз шешімінде мәселеде жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық белгісі бар деп табады да, аудан әкімі жоғарыда аталған өкімімен ауыл әкімін қызметінен босатып жібереді.
Жеке басы әлдебіреулермен ымыраласып, ішіп-жеп қоймаған, ауылына жағдай, жақсылық жасаймын деп жүріп, қара басы дауға қалған ауыл әкімі Т.Қазиев бірыңғай азаматтық істерді қарайтын Орал қалалық №2 сотына жүгініп, осы соттың 2014 жылғы 6 ақпандағы ше­шімімен талабы толық қанағат­тандырылады. Қызметіне қай­та­дан орналастырылып, сот лауа­зы­мынан заңсыз босатылған уақыттағы 110 мың теңгеге жуық жалақысын толық өндіріп береді. Қалалық сот шешімімен келіспеген тәртіптік кеңес төра­ғасы да, прокуратура мен әкім де апелляциялық шағым түсірген еді. Судья Есенбай Боранбаев­тың төрағалық етуімен Батыс Қазақ­стан облыстық сотының азамат­тық және әкімшілік істер жөнін­дегі сот алқасы қала­лық сот шешімін өзгертіп, тәртіп­тік кеңестің шағымы мен про­курор­­дың наразылығын ішінара қанағат­тандырып, Қара­төбе ауда­ны әкімінің шағы­мын қанағат­тандырмай тастады. Аудан әкімі шын мәнінде мәсе­ленің байыбына бармай, қада­ғалау органдарынан түскен ұсыныс­тарды қолма қол пәрменге айналдырып, ауыл әкіміне тәр­тіптік жаза қолдану туралы заңсыз өкім шығарған. Үстірттік бірінші сатыдағы соттан да кеткен. Сот ауыл атқамінерінің мүддесін қорғауға жарағанымен, іс үшін маңызы бар мән-жайлардың аясын дұрыс айқындамай, про­курор мен тәртіптік кеңестің ұсынбалы сипаттағы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайтын шешімдері бойынша да билікті шырқыратып жіберген.
Апелляциялық сот осы жағ­дай­лардың бәрінің ақ-қара­сын ажыратып беріп, ешқандай жемқорлық сипаты жоқтығын нақты заң нормаларына сілтеме жасай отырып дәлелдеп, қала­лық сот шешімінің ауыл әкімі Т.Қазиевті қызметіне қайтадан орналастырылып, лауазымынан заңсыз босатылған уақыттағы жалақысын өндіріп берген бөлігін күшінде қалдырды. 
Судьялар әдебі жөніндегі комиссиясының мүшесі, жас буын судьяларға әрдайым қол- ұшын беріп, ақыл-кеңесін айтып, жол көрсетіп отырады. Оның жазған авторлық мақалаларына тәжірибелі сөз зергерлерінің батырып, елеулі түзетулер енгізе қоюы екіталай. Өйткені, Есақаң ерекше тұлға. Жалаң мақтанды сүймейді. Барлық істің де табиғи қисынмен жөнін тапқанын қалай­ды. Ал, өзі болса, заңдылықты қиын­нан қиыстырады.
 Біз білетін Есенбай халқы­мыздың дәстүрлі құқығына да ден қояды. 2008 жылы Орал қаласында оздырылған «Би сот­тарынан қазіргі заман­ғы сот төрелі­гі жүйесіне дейін» деген тақы­рыптағы халық­аралық «дөң­гелек үстелді» ұйым­дас­тыру­ға белсенді қатысқаны үшін сол кездегі Қазақстан Респуб­лика­сы Жоғарғы Сотының жанын­дағы Сот әкімшілігі жөнін­дегі комитетінің төрағасы И.Елекеев­тің бұйрығымен «Сот жүйесінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды. 
Ол билердің бітімгершілік дәстүрін өркениет заңдарының қатарына қойып отырады. Бұл тұрғыда Есақаң қазақтың даңқты заңгері Салық Зимановты өзіне рухани ұстаз тұтады. Есенбай Малайсары бидің Сырым Датұлына: «Шырағым, үш сөз бар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңа ермес. Ол үш сөз: ҰЯТ, БОРЫШ, ОБАЛ! Одан кейін бір ақылым: жақынды жаралама, алысты қаралама!», – деп берген батасын үнемі айтып, жазып, өзі де ұстанып келеді.
Сөз соңында облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының судьясы Есенбай Боранбаевты мерейлі жа­сымен құттықтай отырып, мәрте­белі қызметіне сәтті­лік­тер тіле­гі­міз келеді. 
 

Аманкелді ШАХИН

 БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ