Билер даналығы-бабалар тағылымы

Версия для печатиВерсия для печатиХат жолдауХат жолдау

 

"Заң" журналы №6 2014 жыл

Қазақ даласында би болу оңайлыққа түспеген. Оған күрделі талаптар қойылды. Тек «Құдайдың сүйген құлдары ғана» би бола алады деп есептелген.

«Қазақ билер соты – бірегей сот жүйесі» екендігін академик Салық Зиманов зерттеп, жүйелеп, оның адамдардың бостандығы мен адамгершілік, әділдікке негізделгенін  және Батыстың қалыптасқан заң институттарынан дәрежесі кем түспейтіндігін дәлелдеп кеткен болатын. Бұл орайда, ғалымның тіклелей басшылығымен  төрт тілде жарық көрген «Қазақ Ата заңдары» он томдық жинағын атап кеткеніміз жөн.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қ.Ә.Мәми мырза 2014 жылғы 26 наурызда «Егемен Қазақстан»газетінде басылған «Жол-айқын, мақсат – белгілі, мүдде – бір» деген көлемді мақаласында да «Судьялар қауымдастығының қайнар көзі, алтын бастауы  билер соты деп бағалаған жөн. Даланың данагөй данышпандары Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, тіпті олардан ба бұрын өмір сүрген біздің даңқты бабаларымыз қазақ қоғамының, қазақ мемлекеттігінің дамуына бағасы жоқ үлестер қосып, ал рулар мен тайпалардың арасында қалыптасқан дауларды шешудің қайталанбас жолдарын көрсетіп, үлгілерін танытты. Осылайша дүние өзгеріп, қаншама ғасырлар артта қалса да адал сөз әділ биліктің жаңғырығы біздің жаңа дәуірімізде де әлі естіліп тұр. Ендеше, өздерінің өмір жолдарын сот жүйесімен байланыстырып, судьялық қызметті таңдап алған әрбір азамат жаңа заманның әділ биі аталу үшін аталған ұлттық құндылықтарымыздан сусындап, тиісті қорытынды жасаған жөн. «Өз елімнің  басы болмасам да, сайының тасы болайын» деп алға ұмтылып, межелі мақсат пен асыл мұратқа жетуді көздеген азамат судьялық қызметті абыроймен атқаруы тиіс»- деп атап көрсеткен болатын

Бұл қазіргі судьяларымызға бүгінгі таңда қойылып отырған басты талап, айқын жол, есті адамаға дұрыс ақыл.

Ал, заманында Төле би – қазақ қоғамындағы билердің орнын аса жоғары бағалаған тұлға.  Оның:

                         «Батыр деген – барақ ит

                           Екі долы қатынның бірі табады.

                           Би  деген – бір бұлақ

                           Қатынның ілуде бірі  табады» - деген  сөзі  соның дәлелі.

Би боламын деген адам тек жеке қасиеттерімен танылып қана қоймай, бірқатар сатылардан тұратын сыннан сүрінбей өтуі керек болған. Далада әділеттің ақ туын желбіретер биге табиғат берген қасиеттерден басқа шешендік, сөзуарлық, ақыл – парасат, қызыл тілде ешкімге дес бермеу және де «Қасым ханның қасқа жолында» , «Есім ханның ескі жолында», «Әз – Тәукенің Жеті жарғысында» көрініс тапқан «Дала заңының» негізгі қағидалары мен   нормаларын жатқа білуі, өзіне дейінгі атақты билердің үлгілі сөзінен нәр алу секілді негізгі талаптар қойылатын болған. Әрине билік шеңбері жағынан билердің елдегі беделі мен ықпалы бірдей болған жоқ:  шағын ауыл, шағын ру бірлестігінен бастап жүзге, ұлысқа, тіпті бүкіл қазақ еліне төрелік айтқан билер болған.  Міне,  осыған сәйкес билерге қойылатын талаптардың да түр – сипаты, «қаталдығы» да өзгеріп отырған.

«Болар бала боғынан» дегендей, баласының табиғи дарынын байқаған ата – анасы оған би болу жолында дұрыс бағыт – бағдарда тәрбие беруге тырысқан. Ең алдымен отбасында оған қазақтың айшықты сөз өнерін әдеттік – құқықтық дәстүрлері мен ережелерін үйреткен, логикалық мәселелерді шешуді, яғни соттық қызмет барысында кездесетін сан қилы өмірлік мәселенің түпкі негізін табуды үйренуіне көмектескен, қисынды сөзбен қиюластырылған жұмбақ сөздің астарын табуға баулыған. Бұл қызметті ата – анасы үйреткен, ауылына белгілі,  танымал, көпті көрген, өзінің білген – түйгенімен өмірлік тәжірибесі бар ауыл ақсақалдарынан тәлім алған. Мұндай жас жеткіншектің ерте бастан белгілі билердің алдын көріп, оларға атқосшылыққа жүріп, «далалық» сот ісін жүргізудің  қыр – сырын жас күнінен бастап игеруі өте маңызды шарт болып есептелген. Ұстаз рөліндегі бұл билер шәкіртіне кейде билер сотында қаралатын істер бойынша шығаруға қатысты шешімге өзінің көзқарасын нақты білдіру мүмкіншілігін беріп, оның қабілетін сынап отырған. Толыққанды би атану үшін жеке қасиеттері мен «Дала заңының ережелерін»  білгеннен басқа «жетілгендік белгісі» деп аталатын екі жоғарғы сыннан өту қажет болған.

Біріншіден, ол атақты билер мен ойшылдардың «философиялық» сұрақтарына жауап беріп,  өзінің ақыл-парасаты мен таным логикасының жеткілікті дәрежеде дамығандығын дәлелдеуі қажет болды.

Екіншіден, абыз ақасақалдардың батасын алуы керек. Сондықтан халық «Батамен ер көгерер, жауынменен жер көгерер» деген. Неғұрлым мықты би боламын деген адам, соғұрлым атақты да шешен бидің батасын алуға тырысқан.

Мұндай жолдан «Төбе би» атанған Төле биде өткен. Ол кезінде 90 жастағы дана қария Жетес бидің, 100 жастағы атақты Әнет бабаның батасын алған.  Ол былайша болған деп сипатталады:

Әнет баба бір бума солқылдақ шыбық алдырып, «Төлеге, балам, мынаны сындырып көрші» - дейді. Төле шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды. «Енді сол бума шыбықты біртіндеп сындыршы», дейді Әнет баба. Төле оп-оңай сындырады.Әнет баба: «бұдан не түсіндің балам?» - деп   сұрайды.  Төле: «Түсіндім, баба. Ынтымақты, бірлігі мықты елді жау да ала алмайды. Саяқ жүрген таяқ жейді»,- дегенді білдіреді деп жауап беріпті. Сонда Әнет баба «Бәрекелді балам дұрыс таптың. Ел билеу үшін елді ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың? – «Ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы», - деп оң батасын беріпті».

Төлені ру ақсақалынан  алған  тағы бір батасында: «Үй баласы ма деп едім, ел  баласы екенсің. Ауылыңның таңы бол, маңдайдағы бағы бол»,- деген екен.

Әйтеке би де дәл осындай жолдан өткен. Оған «оның ерекше талантына қауым мен ауыл ақсақалдары 5-6 жасында көңіл бөлген. Әйтеке биге кіші жүздің атақты данагөйі Қосуақ би: «Кәрі тозады, жас озады. Ендігі жерде үйде де, түзде де билік тізгінін өзің ұста!» - деп бата беріпті.

Кіші жүзде он екі ата Байұлының Байбақты деген руында би болған Бұлан би қартайған шағында: «Мен қартайдым жасым жетті, мына алдымдағы піскен қойдың басын біреуің келіп ұста, байбақтыға би болып бастаңдар»- депті. Сонда жұрт аңтарылып кідірген соң, аяқ жақтан Сырым «Бәлі, аға, би де, басқарушы да, бастаушы да болам»,- деп Бұланның алдына кеп отырыпты.

Сырым сонда 20-дағы жас жігіт екен. Бұлан би батасын беріп, Сырым(1742-1802) Байбақьтыға би болыпты.

Сырым содан кейін елдің қарияларынан бата алу үшін атқа мініпті.

Тана Малайсары биден іздеп келіп, бата сұрапты.  Малайсары би: «Шырағым, үш сөзбар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңа ермес. Ол үш сөз: ҰЯТ, БОРЫШ, ОБАЛ! Одан кейін бір ақылым: жақынды жаралама!, алысты қаралама!» десе,  атақты Есентемір Бөкен би: «Саған батамды берейін, сен жас болсаңда, елге бас болғандай бала екенсің,-деп « Арқаң қара нардай жауыр болсын, мінезің қара жердей  ауыр болсын, өкпең жоқ бауыр болсын, үйіңнің сыртынан дүбір кетпесін, жасың жетпіске жетпесін!»,- деп батасын беріп,  Сырым оның астарын терең түсінген екен.

Кейініректе, қазақ халқының ұлы ақыны әрі Орта жүздің «Төбе биі» атанған Абайдың әкесі Құнанбай да осы ескі жолдан таймаған. Құнанбай баласын 6 жасынан бастап Қазақ даласындағы атақты Қоянды жәрменкесіне алып баратын болған. Оның  әкімшілік орталығы – Қарқаралыда билердің, ақсақалдардың, шешендердің қатысуымен соттар, жиналыстар болып тұратын. Тобықты руының өзінде де тәжірибесі мол ақсақалдар көп болған. Абай солардың мектебінен өткен.

Әлі қоғамның мойындауына ие болмаған, би болам деуші адамды да сынау әр түрлі себептерге сай жүргізілген: жас күнінде – оның қабілетінің бар-жоғын тексеру үшін, есейген шағында бидің дарындылығының деңгейін тексеру үшін, ел аузына ілініп жүрген билер де басқа ру-тайпа арасында «сенімділік» сынағынан өткен. Топ алдында, билер айтысында, не ел төре-әкімі алдында өзін көрсете білу әдеті қолданылған.

Мысалға, бірде  белгілі Мақаш әкім (Мұқамбетжан Шолтырұлы Бекмухамбетов 1830-1904 ж.ж.) Бөкей  ордасына келгенде,  атақты  Малтақан биге (1820-1910) арнайы қолқа салып,

- Малтақан аға,  дүниеде «айналайынның» шегі нешеу? Әбден кейігенде «атаңа нәлет» деп ренжиміз. Олай болса атаңа нәлеттің түрі қандай? Осы жайларды түсіндіре кетсеңіз,- деп сұрапты.

Сонда Малтақан би кідірместен:

- Е, Мақашжан ,бар болғаны осылардың жауабын таба алмай, дал болып жүрсең ,әуелгің үш ,кейінгің төрт ағайынды ма деп қаламын.   

- Олар - өзің үйде бол, болма ауылыңа ат байлаған ес-дос, жақын-жаран, кез-келген құдайы қонаққа жарқырап отырып барын базар ете, берген шайын шалып тастаған тоқтыға, тоқтысын жетектетіп мінгізіп жіберер тай-құнанға пара-пар етіп, есте қалдыратын ақжарма, жайсаң қатыннан айналайын !

Содан соң жүген алып, жүгіріп барғаныңда теріс айналып, артын бермей,  қасқайып қарап тұратын ер қанаты – атыңнан айналайын !

Байтақ елге басшы болып тұрғанда қол астындағы пақыр-мүшкіл адамдар, әлді-хәлділерден таяқ жеп, тепкі көріп алдына аңырап келгенде байдың малы,  бидің ажарына қарамай, кемді теңгеріп, жылағанды күлдірген, құлағанды сүйеген, сөйтіп төрелігін дәл айтқан хәкімнен айналмас па?

Ал нәлетің: ес – дос, жора – жолдас, болмаса алыс жолдан арып – ашып жеткен құдайы қонаққа «үйде су жоқ»,  «әбдіреде ас жоқ», «аулада отын қалмапты» деп пеш артында кіржіңдеп,аяқ-табақпен алысып,ошақ басына жоламай қоятын қатын – атаңа нәлет!

Мойныңа бұршақ салып, Алладан алты ай жаз, үш ай күз сұрап, тілеп алған ұл-қызың есейіп, бой жеткенде әйелі не күйеуінің пыш-пыш күңкіліне ілесіп,  жағың түсіп,  буының салдыраған кезде өзіңе ақырып-бақырып, төбеңе зікір салса,  басыңа әңгір таяқ орнатса нағыз соның өзі – атаңа нәлет!

Қысы-жазы екі ауылдың арасын шаң қылып, қара суды қақ бөліп ішкен көршің көне сырды бөлісіп, жастығыңды жаңғыртар жалғыз досың келгенде біріге алмадың деп, сырыңды жатқа жайып, сыртыңнан ғайбаттаса, сол – атаңа нәлет!

Басыңа бақыт дарып, халықыңа аға атанған шағыңда, біреуден қорлық,  озбырлық не қиянат көрген пақырлар мен жаяулар алдыңа келгенде,  байдың малы, бидің жағы, мырзаның сыйына қызығып, жылағанның жанына, дау-дамайдың сырына шым батып, үңіле алмаған хәкім – атаңа нәлет! - деп жауап беріпті.

Малтақанның жауабына дән риза болған Мақаш әкім : «Аға, бәрін де дұрыс айттыңыз. Қай-қайсысы да өмірде кездесетін жайлар екен. Сізге көптен-көп рахмет!» - деп, ризашылығын білдіріпті.

Әрине, таным біртіндеп келеді және өмірлік тәжірибе барысында жылдар бойы жиналады. Бірақ би болам деген адамда өзіндік өнерінің жас кезінен бастап байқалуы қажет. Қоғамның  билерге қоятын талабы осындай болды. Билердің ешқайсысы, тіпті есейген шағында да мұндай кездейсоқ сынақтан тыс қаламын деп ойламаған.

Қазақтың әдеттік-құқықтық жүйесі тарих бойы қалыптасқанын, оның әр түрлі ғасырлар үнімен үндестігін баса айтпаса болмайды. Бір жағынан алғанда, оның консервативтік сипаты, екінші жағынан көшпелі өркениет ауданында әркез қозғалыста, дамуда болғандығы сезіледі. Осындай өзгерісті қозғалыс барысында би қазақтың құқықтық дәстүрлерінің сақтаушысы ретінде көрініс тапқан. Бұл оның кәсіптік қызметінің міндетті қыры болып табылады. Сонымен қатар би – Ұлы дала құқығын еркін талқылаушы әрі оның нормаларын қоғам өзгеруіне сай қолданушы.

Сондықтан билер даналығы – бүгінімізге де үлгі, қазіргі заман билері өз құндылықтарымыздан терең дәріс алса игі болар еді дейміз.

                                                              Есенбай Боранбаев,

                                       Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы,

 Қазақстан Республикасы Сот жүйесінің

Құрметті қызметкері.