Құқық қорғау органдары қызметкерінің алкогольдік масаң күйде жол-көлік оқиғасы жасағаны үшін жауаптылығы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

2021 жылғы 21 маусымда Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты Орал қаласының Абай полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады. 2021 жылдың 13 маусымында түнгі сағат 03.00 шамасында ол «Фольксваген пассат» маркалы көлік құралын басқара отырып, «Ауди А4» маркалы көлік құралымен соқтығысуға жол берген. Анықталғандай, полиция қызметкері көлікті алкогольдік масаң күйінде жүргізген. Ол өз кінәсін сотта мойындады.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 608 - бабының 3-бөлігіне сәйкес, көлік құралдарын бүлдіруге әкеп соққан, жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы-жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыруға әкеп соғады.»

Алайда, аталған тұлға қамауға алудан босатылды. Өйткені бұл шараны ӘҚБтК-нің 32-бабының 2-бөлігіне сәйкес, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қолдануға болмайды.

Сондай-ақ, полиция қызметкеріне тәртіптік жауапкершілік төніп тұр. Іс материалдары шешім қабылдау үшін Батыс Қазақстан облысының полиция департаментіне жолданды.

Айта кетейік, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс 2021 жылғы 21 маусымда сот өндірісіне келіп түсті және сол күні қаралды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Қайнар: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі