Түзелмеген бұзақы темір тордың ар жағына қайта тоғытылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Шартты түрде бас бостандығы шектеліп қылмыстық атқару жүйесі мекемесінің бақылауында жүрген өтелмеген соттылығы бар шыңғырлаулық Б.Қырықбаев түзелу жолына түспеді. Шектеулі еркіндікте жүріп те қасақана тәртіп бұзуын жалғастыра берді.

 Үстіміздегі 13 ақпан ақпан күні кешкілік Шыңғырлау кентіндегі «Самат» дүкенінде жұрттың көзінше қақырынып, еденге түкірігін шашып, қоғамды тәртіпті көрнеу бұзғаны үшін үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, Шыңғырлау аудандық сотының қаулысымен 10 тәулік қамауға алынды. Мұндай тәртіпсіздіктерді енді қайталаған жағдайда жазасы бас бостандығынан айыруға алмастырылатындығы да ескертілді. Жазбаша да ескерту беріліп, мүдделі органның тәрбиелік сипаттағы алдын – алу кеңестерін де құлағына ілмеген ол сол ақпан айының соңғы күндерінде, көше бойындағы кафеге кіріп, оңашалықты пайдаланып біреудің сенсорлы «Самсунг S – 7272» ұялы телефонын қымқырып кетті. Ол әрекетінің адымы алысқа ұзамай, үстінен қылмыстық іс көтеріліп,  кейін жапа шегушімен медиация тәртібі бойынша бітімге келуіне байланысты іс қысқартылып еді.

Бұзақы одан да қорытынды шығармады. Сол ақпанның соңғы күндерінің бірінде аудандық Әділет басқармасының ғимаратында жерге қағаз шашып, қоғамдық тәртіпті тағы бұзды. Бұл жолғы тәртіпсіздігі үшін енді сот қаулысымен 15 тәулік әкімшілік қамауға алынды.

Ол тәрбиелік шараларға мойын бұрмай, ішімдік ішуін жалғастырып, өзін тек қана жағымсыз жағынан көрсете берді. Ішкілікке салынып, әркімге алақан жайып сұрамсақтанып, бей – берекетсіздікке салынған одан таныстары, көршілері мен жақын – жуықтары да безінді.

Бұзақы еркіндікте жүріп түзелмейтіндігіне көз жеткізген Шыңғырлау аудандық қылмыстық түзеу басқармасының бастығы сотқа шағынып Б. Қырықбаевтың жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру жөнінде аудандық сотқа ұсыныс түсірді.

Бас бостандығын шектелген адам жазасын өтеуден қасақана жалтарған жағдайда Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 45 бабының 2 бөлігіне сәйкесті  сот бостандығын шектеудің өтелмеген бөлігін  сондай мерзімдегі бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға алмастыра алады.

2014 жылғы 3 сәуірдегі осы ұсыныс судья Тельман Ибрашевтің төрағалық етуімен Шыңғырлау аудандық сотының отырысында қаралып,  түзеу мекемесінің талабы қанағаттандырылды. Сот бас бостандығы шектелген Б. Қырықбаевтың жазасының өтелмеген 3 жыл 3 ай мерзімін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру жөнінде қаулы алып, ол сот залынан тұтқынға алынды. Түзелу жолына түспеген бұзақы ендігі жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейді. 

Қайнар: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі