СПОРТШЫЛАРДЫҢ АЙЫПТАРЫ ҚАЛЫҢДАЙ ТҮСТІ

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

1.04.2014 ж.

 

Орал қалалық сотының қаулысымен аса ірі мөлшерде ұрлық жасағаны үшін айыпталған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы бастығы Мүсілім Оңдағанов пен Жоғары спорт шеберлігі мектебінің бұрынғы директоры Меңдіхан Жакеновты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын алуға санкция берілді.

Тергеудің мәліметтеріне қарағанда үстіміздегі жылғы қаңтар айында бюджет қаражаттарын жымқырып, қызметтік жалғандық жасаған «БҚО туризм,  дене шынықтыру және спорт басқармасы» мемлекеттік мекемесінің лауазымды тұлғаларының тарапына қылмыстық іс көтерілген болатын. Тергеу органдары Оңдағанов пен Жакеновты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 176 бабының 3 бөлігінің «в,г» және 314 бабының 2 бөліктері бойынша қылмыс жасағандығы үшін айыптады.

Олар 2008 – 2009 жылдар аралығында қазына қаражаттарын ұрлағаны үшін айыпталып отыр.

Оңдағанов пен Жакенов тендерлер мен спорттық шараларға қатысқан кезде спортшылардың іссапарларға шығулары мен түрлі елдерге оқу – жаттығуларға баруларына жалған бұйрықтар шығарып отырған. Іс жүзінде ешкім ешқайда бармаған, бөлінген қаражатар иемденіліп алынған.

Жалпы алғанда аталған тұлғалар 8 эпизод бойынша 10 миллион теңгеден астам көлемдегі бюджет қаражаттарын ұрлағаны үшін айыпталып отыр.

Қазіргі кезде М.Оңдағанов Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық  сотының үкімімен Батыс Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі Департаментінің РУ 170/1 түзеу мекемесінде ұсталып отыр.

Осыған орай тергеу органдары 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген ауыр қылмыстар жасағаны үшін айыпталған Оңдағанов пен Жакеновке қатысты тұтқынға алу түріндегі бұлтартпау шарасын алуға рұқсат сұрап отыр.

Орал қалалық сотының қаулысымен Оңдағанов пен Жакеновке қатысты екі айға дейінгі мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын алуға санкция берілді.

Қайнар: 
Батыс Қазақсан облыстық сотының баспасөз қызметі