Оралда сот лаңкестік топтың мүшелеріне қатысты үкім жариялады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық соты бүгін қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыс жасаған 8 тұлғаға қатысты қылмыстық істің үкімін жариялады.

Басты сот талқылауында анықталғандай, «тәкфір» уаһапшылдық ағымдағы радикалды дәстүрлі емес ислам дінін ұстанатын Жаңақала ауылының тұрғыны Ф.Ғабдешев 2016 жылдың шілдесінде осы ауылда тұратын А.Жантасов, Т.Қисметов, А.Қайырғалиев, М.Бижанов және Н.Арыстановтың басын қосып, лаңкестік топ құрған.

Қазақстанда тыйым салынған халықаралық «ИГИЛ» лаңкестік ұйымының идеясын насихаттау мақсатында аталған топ мүшелері, сондай-ақ И.Әбекенов және М.Рахметуллин ұйымның жалауын дайындап, соның алдында суретке түсіп, кейін жалауды автокөлік салонының қақпағынан шығарып, отбасыларымен Жаңақала ауылынан 10 шақырым жердегі Соркөлдің жағасына барған. Жаға келісімен жалауды жерге қадап, сұқ саусақтарын көкке шошайтып, қарулы жиһадқа шақыратын  «ИГИЛ» идеясын жақтайтын ұрандарды айтып, айқайлап «қарулы джихадты» қолдауға шақырған.

Бұдан басқа, 2016 жылдың шілдесінде үйлеріне жиналып, лаңкестік топ мүшелері сол жылдың тамыздың соңында немесе қыркүйектің басында Жаңақала АІІБ ғимаратында лаңкестік актісін жасауды жоспарлаған. И.Әбекенов пен М.Рахметуллин топтың қатысушылары болмаса да, лаңкестік актісінің дайындалып жатқанын біле тұра, ол туралы құқық қорғау органдарына хабарламаған. Алайда, лаңкестік топтың қылмыстық ниетін ҰҚК қызметкерлері уақтылы әшкерелеп, аталған адамдар ұсталған.

Сот істі қарап, Ф.Габдешевті ҚК-нің 24 б. 1 б., 255 б. 4 б. (адамдарға және де ғимараттарға шабуыл жасаумен ұштасқан террористік акт жасауға дайындалу), 256 б. 2 б. (бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдаланып, терроризмді насихаттау), 257 б. 1 б. (террористiк топ құру) айыпты деп тауып, ҚК-нің 58 б. 4 б. басшылыққа алып, жазаларды ішінара қосу арқылы мүлкін тәркілеумен түпкілікті 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасына соттады.

А.Жантасовты ҚК-нің 174 б. 1 б. (діни алауыздықты қоздыру), 24 б. 1б., 255 б. 4  б. (адамдарға және де ғимараттарға шабуыл жасаумен ұштасқан террористік акт жасауға дайындалу), 256 б. 2 б. (телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып адамдар тобында терроризмді насихаттау), 257 б. 2 б. (террористiк топтың әрекетіне немесе ол жасап жатқан терроризм актiлерiне қатысу) айыпты деп танып, ҚК-нің 58 б. 4 б. негізінде мүлкі тәркіленіп, түпкілікті 15 жылға бас бостандығынан айырды.

Т.Кисметовты, А.Кайргалиевті, Н.Арстановты және М.А.Бижановты ҚК-нің 24 б. 1 б., 255 б. 4 б. (адамдарға және де ғимараттарға шабуыл жасаумен ұштасқан террористік акт жасауға дайындалу), 256 б. 2 б. (телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып және адамдар тобында терроризмді насихаттау), 257 б. 2 б. (террористiк топтың әрекетіне немесе ол жасап жатқан терроризм актiлерiне қатысу) кінәлі деп танып, ҚК-нің 58 б. 4 б. негізінде Т.Кисметовке ҚК-нің 60 б. 1 б. қолданып, мүлкін тәркілеумен 12 жылға, ал қалған үшеуі мүліктері тәркіленумен 11 жылға бас бостандықтарынан айырды.

И.Абекеновті, М.Рахматуллинді ҚК-нің 256 б. 2 б. (телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып адамдар тобында терроризмді насихаттау), 434 б. (дайындалып жатқаны анық белгілі терроризм актісі туралы хабарламау) кінәлі деп танылды және ҚК-нің 58 б. 3 б. негізінде И.Абекенов мүлкі тәркіленумен 6 жыл 6 айға, М.Рахматуллин мүлкі тәркіленумен 5 жылға бас бостандықтарынан айырды. 

Сотталушылардың жазасы қылмыстардың қоғамдық қауіптілік сипаты мен дәрежесі, қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлары ескеріліп, Қылмыстық Кодексінің баптарында көзделген санкция шеңберінде тағайындалған.

 

Қайнар: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі
Тегтер: