Облыстық сотта "дөңгелек үстел" қатысушылары тұрғын үй дауларын қарау мәселелерін талқылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Батыс Қазақстан облыстық сотында прокуратура, әкімдік және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі өкілдерінің қатысуымен "Тұрғын үй дауларын қараудағы келелі мәселелер" тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Отырыста азаматтардың тұрғын үй-жайды жекешелендіру, мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға мұқтаж азаматтарды есепке қою және есептен шығару туралы істерді қарау мәселелері көтерілді.

Судьялар атап өткендей, тұтастай алғанда аталған санаттағы істерді қарау аса қиыншылық туғызбайды, бірақ көптеген фактілердің істі мәні бойынша қарау барысында анықталуына және осындай шешімдерді қабылдауда заңдылығының анықталуына байланысты мән-жайларды мұқият зерттеуді талап етеді.

Істерді зерттеу барысында көрсеткендей, негізінен облыс соттарына мұқтаж адамдарды тұрғын үй алу тізімінен шығару туралы әкімдіктің қаулысын заңсыз деп тану және мұқтаждар тізімінде қалпына келтіру туралы өтініштер түседі.

Дөңгеле үстел отырысында, меншігінде үйі бар, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын адамдар үй алу тізімнен шығарылуға жата ма, тиісті санитарлық-техникалық талаптарға сай емес, жалпы меншіктегі немесе жатақханадағы бөлме немесе пәтер тұрғын үй деп танылуы мүкін бе, тұрғын үйін жақсартуға мұқтаждар тізімінде болған адамдар, егер жаңа Заңда осы санат алынып тасталған болса, қандай санатқа қалпына келтіруге жататындығы бағытындағы сұрақтар қойылды. «Дөңгелек үстел» барысында қатысушылар сот тәжірибесінен мысалдар келтіре отырып, осы туралы және басқа да көптеген ойларын ортаға салды.

Орал қаласының №2 сотының судьясы А.Баймахан уәкілетті органдар тарапынан кеткен бірқатар бұзушылықтарды хабарлай отырып, соңғылардың кезекте тұрған тұлғаларды тізімнен алып тастау туралы хабарлау мерзімін сақтамауы, ал Заңның 73б. 3т. сәйкес шешім қабылданғаннан кейін, 10 күн ішінде негіздемені көрсете отырып, жазбаша хабарлануы тиіс болғанымен, олар тізімнен шығып қалғаны туралы бірнеше жыл өткен соң білетінін айтты.

Сондай-ақ, "Тұрғын үй қатынастары туралы" жаңа Заң қабылданғанға дейін тіркеуге қойылған тұлғаларды тізімнен шығару фактілері де кездеседі, алайда Заңның 117 б. күшіне сай, аталған азаматтар осы Заң қолданысқа енгізілген сәтте, бұрынғы тәртіппен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу құқығын сақтайды.

 

Қайнар: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі
Тегтер: