ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ҮМІТКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАДЫ

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Батыс Қазақстан облыстық сотының жанындағы қоғамдық Кеңестің кезекті мәжілісі болып, онда судьялыққа үміткерлерді іріктеуді жетілдіріп, іскерлік және моральдық қасиеттерін зерттеуді тереңдетуге және тиісті шешім алуда қоғамдық пікірді есепке алуға бағытталған келелі әңгіме қозғалды.

Қазіргі кезде Батыс Қазақстан облысындағы бос тұрған судьялық қызмет орындарына 16 үміткер тіркелген.

Қоғамдық кеңес төрағасы Ақсерік Әйтімовтың атап көрсеткеніндей, судьялыққа үміткерлердің тізімдері облыстық «Орал өңірі» газетінде жарияланып, облыс жұртшылығы әр үміткер жөнінде,  олардың жоғары лауазымға қаншалықты сай келетіндігіне өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік алған. Алай да кандидаттардың атына сын – ескертпедер мен теріс пікірлер болған жоқ. Бұл аталған тұлғаларға қоғамның сенім білдіретіндігінің айғағы.

Тоғыз адаманан тұратын қоғамдық кеңес қызметіне кіріскеннен бері судьялыққа кездейсоқ және лайықсыз адамдарды өткізбейтін қосымша қоғамдық сүзгіге айналды.

Кеңестің құрамына облыстағы  заң факультеттері бар жоғары оқу орындарының басшылары, сот жүйесінің ардагерлері мен доғарыстағы судьялар, өңір жұртшылығының белді өкілдері енді.

Қоғамдық кеңесте ұлттық заң институтының соғыстан соңғы жылдардағы бастапқы түлектерінің бірі, кейін он төрт жыл бойы облыстық сотты басқарған, Ақ Жайық өңірі сот жүйесінің ардагері Бижан Тілешұлы Иманғалиев айрықша орын алды. Оның қырағы көзі әр үміткерді қиядан шалып, белді пікірлері әрқашан да шешуші  маңызға ие болатын. Тағдырға не шара, бұдан бір айдай уақыт қана бұрын ардақты ақсақал өмірден озды. Осыған орай Қоғамдық кеңес бұл жолғы қызметін Бижан Тілешұлын бір минут үнсіз тұрып, еске алудан бастады.

Жұмыс жасай бастаған бір жыл ішінде қоғамдық кеңес ондаған үміткерге өз қорытындысын берді. Олардың алтауы Президент Жарлығымен судьялық лауазымға тағайындалды. Жыл басталғаннан бері  қоғамдық кеңестің оң қорытындысын алған тағы бір үміткер судьялыққа өтті.

Судьялықтан үміткерлердің басым көпшілігі заң органдарында жасап,  үлкен  өмір тәжірибе жинақтаған, өңір жұртшылығының көз алдарында өсіп, тұлға ретінде қалыптасқан жандар. Қоғамдық кеңес мүшесі Қазыбай Бозымов нақ осындай үміткерлерді жоғары судья лауазымына әуелгі кезекте өткізу жөнінде ұсыныс жасады. Сонымен қатар ол өзінің бұл ұстанымын мәжіліс хаттамасына енгізуді ұсынды. Қоғамдық кеңес бұл жолы барлық 16 үміткерге де оң қорытынды берді. Енді олар республикалық комиссиядан өтеді.

Қайнар: 
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі