Батыс Қазақстан облыстық сотының тарихы

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

 

1932 жылғы науырыз айында күшіне енген Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Бүкілодақтық атқару комитетінің Қазақ КССР – ның жаңа әкімшілік – аумақтық бөлінісі туралы қаулысының негізінде республикада құрылған алты облыстың бірі – Батыс Қазақстан облысы.  

1932 жылғы 20 ақпанда Кеңестердің Қазақ Орталық Атқару Комитетінің VІІІ шақырылған ІІ сессиясы қабылдап, Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті 1932 жылғы 10 науырызда беркіткен қаулысына сәйкесті Қазақ КСР- інде Қазақстанның бірыңғай орталығына бағынысты 6 облыс: Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарғанды және Алматы облыстары құрылды.

 Батыс Қазақстан облысының  орталығы  - Орал  қаласы болып белгіленіп, құрамына Жәнібек, Жымпиты, Гурьев, Тайпақ, Маңғыстау, Шыңғырлау, Талов, Орда, Теңіз, Ілбішін, Ойыл, Жилкосин (Жылыой), Жаңақала аудандары мен Орал қаласы, Ембі жұмысшы кенті енді. 

Сөйтіп, 1932 жылы 10 наурыздан бастап Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Әділет Халық комиссариатына тікелей бағынатын Батыс Қазақстан облыстық соты құрылды. (Қазақ Орталық Атқару Комитетінің VІІІ шақырылған ІІ сессиясының қаулысы, 1932 жылғы 16 – 20 ақпан, Алматы қаласы. 22 -24 беттер)

Облыстық сот өз құзіреті шеңберінде бірінші сатыдағы және кассациялық шағыммен түскен азаматтық, қылмыстық істерді қарады. Ал облыстық соттың Төралқасы Қазақ КСР Жоғарғы Сотының, ҚКСР Прокурорының, облыстық прокуратураның және облыстық сот төрағасының наразылықтары бойынша азаматтық және қылмыстық істерді қарады.

Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып тағайындалып келген И.Е.Николаевтың 1932 жылғы 1 науырыздағы №1 бұйрығындағы “...Москвадан келіп, Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағалығы міндетін атқаруға кірістім” деген қолтаңбасымен соттың Бұйрық кітабына тұңғыш жазба түсіп, нақты сот шежіресі басталады.

Облыстық сот құрылымында қылмыстық және азаматтық істерді қарайтын сот алқалары, төраға, хатшылық және мұрағат болды

И.Е.Николаев сот төрағасы болып жылға да жетпейтін уақыт істеп, басқа жұмысқа ауысуына байланысты билік тізгінін Жиенқұловқа табыс етеді. Бұл жылдары сот төрағалары жыл сайын дерлік алмастырылып тұрылған. Жиенқұловтан соң Шевкопляс (7.01.1934 – 12.12.1934), Баймұхамедов (13.13.1934 – 9. 09.1936), И. Кириенко (9.09.1936 – 6.08.1937), Т.Қожасов (26.08.1937 – 3.11.1939), Н.Раков (3.11.1939 – 22.07.1940), Д.Демесінов (22.07.1940 – 24.07.1941), Ә.Дүйсәлиев (9.09.1941 –27.03.1942), С.Ахметов (27.03.1942 – 23.03. 1943), С.А.Бондаревская (23.03.1943 – 1.04.1943 ж. төраға міндетін атқарды), А.Аксенов (1.04.1943 – 30.07.1945) сотта төрағалық етті.

Бұл жылдарда облыстық соттың басшы кадрлары Әділет халық комиссариатының (ӘХК) нұсқауы бойынша тағайындалып, алмастырылып отырылған. Кадрлардың тапшылығына қарамастан соттың басшылық қызметтеріне тек қана коммунистік партияның мүшелері алынды.

Облыстық сот басшылығындағы кадр тұрақтылығы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Әділет Халық Комиссариатының 1945 жылғы № 73 бұйрығымен тағайындалып, облыстық сотқа 18 жыл төраға болған Ғ.С.Бекмұхамедовтан бастау алады. Одан кейін  басшылық тізгінін алған Б.Т. Иманғалиев облыстық сотты 14 жыл басқарды. Мұнан кейінгі жылдарда облыстық сотқа А.Жолманов (29.09.1977 – 18.12.1985 ж.ж.), Қ.Қыдырбаев (18.12.1985 – 2.02.1990), З.Мақашев (7.12.1990 – 17.03.1994), А.Рысқалиев (17.03.1994 – 31.10.1995), А.Кизерев (13.10.1995 – 10.12.1996) төрағалық етті.

Жоғары біліктілік сыныбындағы батысқазақстандық судья Аманкелді Рысқалиұлы Рысқалиев 1996 жылы 10 желтоқсанда облыстық сот басшылығына екінші мәрте келіп, 2002 жылғы ақпан айында Жоғарғы Сот судьясы болып сайланғанға дейін жасап, билік тізгінін Н. Чиняевке табыстады. Одан кейін М.Смағұлов (26.032007 – 30.11.2011), Қ.Нұрышев (30,11.2011 – 6.05.2014), 2014 жылғы 6 мамырдан Б.Әметов сот төрағасы болып жасайды.

Аймақтағы кәсіби сот жүйесінің қалыптасуына сіңірген еңбегі және сот төрелігін атқарудағы жемісті қызметі үшін кезінде облыстық соттың мүшесі Х.Жақыпов республикада алғашқылардың бірі болып “Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген заңгер”атағына ие болса, кейін бұл құрметті атақты облыстық сот төрағасының орынбасарлары болған  Г.Ларюков, Л.Карташовалар алды.

Жетпіс үш жылдық тарихында облыстық соттың атауы екі мәрте өзгерді. 1962 жылға дейін Батыс Қазақстан облыстық соты болып келген сот сол жылғы мамыр айында облыстың Орал облысы болып қайта құрылуына байланысты атауын өзгертіп, 1992 жылғы шілде айына дейін отыз жыл бойы Орал облыстық соты болып  келді. 1992 жылы облыстың қайтадан Батыс Қазақстан облысы болып аталуына байланысты ежелгі атауына қайтадан ие болды.    

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1992 жылғы 6 шілдедегі “Орал, Целиноград, Шымкент облыстары мен Целиноград қаласының тарихи атауларын қалпына келтіру туралы” қаулысына сәйкесті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1962 жылғы 3 мамырдағы “Қазақ КСР құрамында Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан аймақтарын құру туралы” қаулысымен Орал облысы болып аталып кеткен Батыс Қазақстан облысының 1932 жылғы 10 науырыздан бергі тарихи атауы қайта қалпына келтірілді.  Қаулыда 1932 жылғы 10 науырыздан бері облыс атауы болып келе  жатқан облыстар атауын өзгерткен кезде және 1964 жылы аймақтар таратылғанда  халық пен жергілікті билік органдарының пікірлері есепке алынбағандығы көрсетілген.

Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде мемлекеттік билік тармақтарында жүзеге асырылған құрылымдық өзгерістер сот жүйесін де айналып өткен жоқ. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1995 жылғы 25 қазандағы Жарлығымен төрелік (Арбитраждық) соттар таратылып, оның құзіреті жалпы соттарға берілді.

1995 жылғы қазан айында арбитраждық соттардың таратылуына байланысты 1996 жылы - өтпелі жылдардың бір үзігінде ғана пайда болған шаруашылық істер жөніндегі алқа 2001 жылғы шілде айына дейін жұмыс жасап, қызметін тоқтатты. Оның орынын Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 9 ақпандағы Жарлығымен құрылған Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты толықтырды.

Соттарды мамандандыру үрдісінің нәтижерсінде қазіргі кезде облыста мамандандырылған соттардың тұтастай желісі қалыптасты.

Қазіргі кезде облыстық сотта екі апелляциялық және кассациялық  алқа бар. Азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына Бақытбек Бегалиев, қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына Мирамбек Нағашыбаев, кассациялық сот алқасына Бек Әметұлы Әметов төрағалық етуде.

Судьялар қауымдастығының маңызы жыл өткен сайын артып келеді. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Судьялар Одағы Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің төрағасы болып тағайындалған сол кездегі облыстық сот төрағасы А.Р.Рысқалиев бұл қызметті 2002 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы болып тағайындалғанға дейін атқарды. Облыстың судьялар қауымдастығына одан кейін, сот төрағасы Н.Чиняев басшылық етіп, қоғамдық қызметін 2006 жыл облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Қ.Өтешеваға табыстады. 2007-2010 жылдары "Қазақстан Республикасы Судьялар Одағы" республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Б.Әметов болды.  2010 – 2012 жылдары Судьялар одағы облыстық бөлімшесін Т. Нұғманов басқарса, 2013 жылдан бұл қызметті Ғ. Ищановатқарып келеді.

Сотта құрамы бес судьядан тұратын тәртіптік- біліктілік алқасы жұмыс жасайды. Алқаны тоқсаныншы жылдардың бас кезінен ұдайы тәжірибелі судья Қуаныш Әбуов басқарып, кейін бұл міндетті облыстық сот судьясы Т.Нұғманов, С.Садықов, Х.Аманқұловтар атқарды.

Қазақстан Республикасы Судьялар Одағы Орталық  кеңесінің 2001 жылғы 6   шілдедегі қаулысымен беркітілген «Судья этиксы жөніндегі комиссия туралы» Ережеге сәйкесті Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің жанынан судьялар әдебі жөніндегі  комиссиясы  жұмыс жасай бастады.

Комиссияның тұңғыш төрайымы Жаңылсын Баянқызы Архарова болды. 2002 жылдан бастап комиссия төрайымы болып сот жүйесінде ширек ғасырдан астам табан аудармастан жасаған тәжірибелі заңгер, облыстық соттың судьясы Китайка Хайредденқызы Ізбасова тағайындалса, кейін бұл қызметті, облыстық сот судьяcы В. Логвинова, М.Нағашыбаев, Х.Аманқұловтар атқарды.

Тәуелсіздік жылдарында Судьялар Одағының арнайы атақтары мен белгілері өмірге келді. Бүгінде зейнет демалысында жүрген, бұрынғы Ақжайық аудандық сотының судьясы П.Жәмешұлы 2001 жылы облыста бірінші болып “Қазақстан Республикасының Құрметті судьясы” атағына ие болды.

Табысты еңбегі мен қоғамдық белсенділігі және берік азаматтық ұстанымы үшін сот жүйесінің ардагері Б.Иманғалиев, облыстық сот төрағалары Н.Чиняев, М.Смағұлов, Қ.Нұрышев, судьялар Т.Нұғманов, Б.Нұғманов, М.Ақбергенова, М.Жүнісовтер Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының “Үш би” құрмет белгісіне ие болды. 

Е. Боранбаев, А. Қарасаева, М.Нағашыбаевтар   көп жылғы еңбегі мен мемлекеттік қызметті мінсіз атқарғаны және  еліміздің сот жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі үшін «Сот жүйесінің құрметті қызметкері» атағына ие болды.

Қазір облыста Батыс Қазақстан облыстық сотын қоса алғанда 24 сот ұжымы жұмыс жасайды. Олар, атап айтқанда Ақжайық, №2 Ақжайық, Бөкейорда, Бөрлі, Бөрлі аудандық мамандандырылған әкімшілік, Жәнібек, Жаңақала, Зеленов, №2 Зеленов, Казталовка, №2 Казталовка, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Теректі, №2 Теректі, Шыңғырлау аудандық, Орал қалалық, №2 Орал қалалық, Орал қалалық мамандандырылған әкімшілік соттары, Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық, кәмелетке жастары толмағандар істері жөніндегі мамадандырылған ауданаралық соттары.